Қазіргі заманғы химия өнеркәсібі адам өмірінің әр саласына қажетті сан алуан өнім түрлерін өндіреді. Бейорганикалық және органикалық химия, мұнай химиясы, керамика, агрохимия, құрылыс химиясы, полимерлер мен эластомерлер, жарылғыш заттар, тұрмыстық химия, фармацевтика және косметика өнімдері, сондай-ақ тағам өндірісіне арналған химиялық қоспалар осы ауқымды саланың бір бөлігі саналады.

Әсіресе тұрмыстық химия – күнделікті өмірде кеңінен қолданылатын химия өнімдерінің бірегей түрі. Бұл өнімдер үй, тұрмыстық техника, бақша, ыдыс-аяқ, киімге күтім жасау, сондай-ақ жеке гигиена үшін қолданылады және арнайы химиялық қосылыстарды синтездеу арқылы жасалады.

Тұрмыстық химияны қауіпсіз пайдалану маңызды

Тұрмыстық химияның ауқымды нарығы мен қолдану саласы әртүрлі болғандықтан, оны пайдалану кезінде жауапкершілікпен қараған жөн. Өйткені тұрмыстық химия өнімдерінде денсаулыққа зиян тигізетін кейбір қауіпті заттар болуы мүмкін.

Атап айтқанда, тұрмыстық химияда кездесетін қауіпті компоненттерге мыналар жатады:

  • ​Улы заттар.
  • ​Қышқыл заттар.
  • ​Көз бен теріге тітіркендіргіш әсер ететін заттар.
  • ​Аллергия туындататын сезімталдандырғыш заттар.

Қауіпсіз тұрмыстық химияны қалай таңдауға болады?

Тұрмыстық химияны таңдағанда, оның құрамына, таңбалануына және қолдану нұсқаулығына ерекше назар аудару қажет. Пайдаланылатын өнімдердің қауіпсіздігіне көз жеткізу үшін арнайы аккредиттелген зертханаларға жүгініп, олардың денсаулыққа әсерін тексеруге болады.

ҚР ПІБ МО Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының жоғары білікті мамандары сіздің денсаулығыңызды қорғау үшін кәсіби қолдау көрсетуге және қажетті зерттеулер жүргізуге әрқашан дайын.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету – дұрыс таңдау жасаудан басталады.