ҚР-ның тау-кен металлургия кешені (ТМК) Қазақстанның экономикалық дамуы мен әлеуметтік әл-ауқатын арттыруда орасан зор рөл атқаратын маңызды өнеркәсіп салаларының бірі, деп хабарлайды energyprom.kz.
Саладағы жыл қорытындысы айтарлықтай оң. Мәселен, 2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда металл кендерін өндіру көлемі бір жыл бұрынғы 3,28 трлн теңгемен салыстырғанда құндық мәнде 3,42 трлн теңгені құрады, ал металлургияда 2021 жылғы 7,68 трлн теңгенің орнына қазірдің өзінде 9 трлн теңгеден астам өнім шығарылды. Металл рудаларын өндіру құндық мәнде тау-кен өндіру секторының жалпы өнімінің 14%-ға жуығын қамтамасыз етті, ал өңдеу өнеркәсібіндегі металлургияның үлесі 44%-ға жуықтады. Жалпы, ТМК республикадағы жалпы өнеркәсіп өндірісінің шамамен 26%-ын берді, яғни республиканың бүкіл өнеркәсібінің төрттен бірінен астамы металл өндіру мен өңдеуге негізделген.
Металл кенін өндіру құрылымында темір рудасы 684,3 млрд теңгені, түсті металл рудалары 2,73 трлн теңгені құрады. Металл өндірісі құрылымында қара металлургия 3,17 трлн теңгені, негізгі асыл және түсті металл өндірісі 5,82 трлн теңгені, металл құю 25 млрд теңгені құрады.
Физикалық мәнде қара металлургияда ферроқорытпалар өндірісінің өскені байқалады (2,6%, 2,1 млн тоннаға дейін), бірақ болат өндіру 8%, 4,1 млн тоннаға дейін, ал шойын – 10,3%, 3,2 млн тонна дейін азайды. Түсті металлургияда алюминий өндіру аздап (0,2%, 1,6 млн тоннаға дейін) көбейсе, мыс өндіру сәл (1,2%, 453 мың тоннаға дейін) төмендеді. Қорғасын мен мырыш өндірісі тиісінше 108,8 мың және 266,3 мың тоннаға дейін төмендеді. Алтын өндіру 13% өсіп, 129,6 тоннаны құрады.
Экспортқа келетін болсақ, 2022 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша металл мен металл бұйымдары еліміздің жалпы экспортының 14%-дан астамын (11 млрд АҚШ доллары) және ТМД елдеріне экспорттың шамамен 21%-ын (2,8 млрд АҚШ доллары) құрады. Салыстыру үшін айтсақ, бұл азық-түлік, химия, жеңіл өнеркәсіп және ағаш өңдеу өнімдерінің экспортынан 1 млрд АҚШ долларына жуық артық.
Тікелей экономикалық әсерден басқа, ТМК қазақстандықтардың әлеуметтік әл-ауқатына орасан зор әсер етеді. Мәселен, 2022 жылдың қорытындысы бойынша, тау-кен-металлургия кешені ҚР өнеркәсіп саласындағы жұмыскерлердің жалпы санының 27%-дан астамын құрады. Елдің өңдеу өнеркәсібінің барлық қызметкерлерінің 44%-ға жуығы металлургияда жұмыс істеді.