3-8 тамыз аралығында Ақтау қаласындағы (Қазақстан) Каспий теңізінің жағасында әлемде тұңғыш рет World Schools Team Championship өтеді. Чемпионаттың ерекшелігі сонда, оған шахмат үйірмелері мен секцияларының тәрбиеленушілері емес, шахматты жақсы көретін қарапайым әуесқой мектеп оқушылары қатысады.
Чемпионатты Халықаралық және Қазақстан шахмат федерациялары ұйымдастырады. Бас серіктес және басты демеуші «Freedom Holding Corp». Шара Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен өтуде.
Чемпионат екі категория бойынша өтеді: 12 жасқа дейінгі және 18 жасқа дейінгі. 50 елден 300-ге жуық қатысушы келеді деп күтілуде. Ақтауға алыстан ат арытып, Перу, Мадагаскар, Сан-Томе және Принсипиден қатысушылар келеді. Чемпионаттың географиясы шынымен де әсерлі: төрт құрлықтың мектеп оқушылары өз мектебінің және елінің намысын қорғауға, әлем чемпионы атағы үшін күресуге және әлемнің әр түкпірінен жаңа достар табу үшін Ақтауға ағылады. Мысалы, турнирде бар болғаны 68 мыңға жуық адам тұратын Кайман аралдарының тұрғындарымен танысуға болады (салыстырмалы түрде бұл тіпті Жезқазған қаласының тұрғындарының санынан да аз).
Чемпионатта Қазақстанның намысын 6 қаладан 10 мектеп қорғайды:
- IT мектеп-лицейі, Ақтау қ.;
- Н.Марабаев атындағы №7 мектеп-лицейі, Ақтау;
- М.Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицейі, Алматы;
- Республикалық физика-математика мектебі, Алматы;
- Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі;
- №72 мектеп-лицейі, Астана қаласы;
- Республикалық физика-математика мектебі, Астана қ.;
- Атырау облыстық “БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ” лицей-интернаты;
- Дарынды балаларға арналған № 8 лицей-мектебі, Павлодар қ.;
- О.Жолдасбеков атындағы №9 IT лицейі, Шымкент қ.
Оқушылар Чемпионатты асыға күтуде, шетелдік қонақтарды қарсы алуға дайын және ойынның жоғары деңгейін көрсету үшін қызу дайындық үстінде. Командалардың тиімді дайындығы үшін Қазақстан шахмат федерациясы Чемпионат қарсаңында Бурабайда оқу-жаттығу жиынын ұйымдастырады.
Алдағы турнир шахматқа деген сүйіспеншіліктің қаншалықты шексіз бола алатынын тағы да дәлелдей түседі. Бұған, мысалы, Павлодар мектебінің оқушысы Вадим Дерксеннің аяғының сынғанына қарамастан, командасын қолайсыз жағдайда қалдырмау үшін Ақтауға баруға бел буғаны дәлел бола алады. Ал басқа екі оқушы өздерінің туған күндерін үйлерінен жырақта, чемпионатта өткізуге дайын. Солардың бірі – Шымкент қаласындағы О.Жолдасбеков атындағы №9 IT лицейінің оқушысы – Нұрислам Айнақұл. Екіншісі – Мехикодан келетін Рикардо Гаэль Брито Де Ла О.
Бұл ретте, ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, туған күн иелері мен басқа да чемпионат қатысушыларына жалығуға тура келмейді. Турнирдің негізгі ресми бөлімінен басқа, қонақтар үшін экскурсиялық және ойын-сауық бағдарламасы дайындалды.
Салтанатты ашылу рәсімі 4 тамыз күні сағат 11.00-де Қазақстан халқы Ассамблеясы, Достық үйі, 34-шағын аудан, 9 мекенжайы бойынша өтеді. Турнирдің өзі «Halyk Arena» спорт сарайында өтеді.
Чемпионаттың ресми сайты: wstcc2023.fide.com