Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев газ бағасына қатысты пікір айтты. 

«Мен Қазақстанда сұйытылған мұнай газын өндіру тиімсіз екенін бірнеше рет айттым. Оны өндіретін кәсіпорындар шығынға өткізеді. Сондықтан бұл газ көлемін өңірлер бойынша бөлу режимі бар. Бәлкім, кейбір өңірлерде осы өңірде газдың уақытша болмауына байланысты уақытша мәселелер туындауы мүмкін», - деді министр.

Ол барлық облыс басшыларымен байланыста екенін баса айтты.

«Бұл мәселе туындаған жағдайда бірден шешеміз. Өңір сұраса, дереу жібереміз», - деп түсіндірді Алмасадам Сәтқалиев.

Үкімет тарапынан ішкі нарыққа құрғақ газ жеткізу көлемін ұлғайту бойынша ауқымды шаралар атқарылуда. Газ өңдеу қуаттарының ауқымды құрылысы жүргізілетін болады.

«Еліміздің батысында Қарашығанақта біз 4 млрд-қа жуық қосымша газ аламыз, ал Қашағаннан 5-6 млрд-қа жуық газ аламыз. Зауыттарды жаңғырту жүріп жатыр, оның аясында біз қазірдің өзінде сұйытылған мұнай газын өндіретін боламыз. Яғни, жалпы алғанда, бізде бұл мәселенің орта мерзімді перспективада толығымен шешілетіні туралы нақты бағдарлама бар», - деді Энергетика министрлігінің басшысы.

Газдың құнына келетін болсақ, министр құрғақ газдың бағасы қазірдің өзінде көтеріліп, сараланған тиісті бағдарлама қабылданғанын, оған сәйкес өнеркәсіптік тұтынушылар отандық тұтынушылардан артық төлейтінін атап өтті.

«Сұйытылған мұнай газына келетін болсақ, министрлік жүзеге асырып жатқан бағдарлама аясында біз үш жыл ішінде бағаны біртіндеп, ең болмағанда өзіндік құн деңгейіне дейін көтеруді жоспарлап отырмыз. Тәжірибеге сүйенсек, мұнай өнімдері бағасының өсуі әдетте жазда болады», - деді Сәтқалиев.