2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша банк секторының активтері биыл қыркүйекте негізінен несие портфелінің 3,2% өсуі нәтижесінде 2,5% немесе 1,2 трлн теңгеге ұлғайып, 47,9 трлн теңгені құрады (2023 жылдың басынан бері 7,4% немесе 3,3 трлн теңгеге өсті).

Өтімділігі жоғары активтер 14,2 трлн теңгені немесе активтердің 29,6%-ын құрады, бұл банктерге клиенттер алдындағы өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

2023 жылғы қыркүйекте екінші деңгейдегі банктер экономикаға берген кредиттер 1,8%, 25,9 трлн теңгеге дейін өсті (2023 жылдың басынан бері 13,5% өсті), оның ішінде ұлттық валютадағы кредиттер 1,9%, 24,1 трлн теңгеге дейін, шетел валютасындағы кредиттер 0,2%, 1,8 трлн теңгеге дейін ұлғайды.

Заңды тұлғаларға берілген кредиттер 2023 жылғы қыркүйекте 1,5%, 8,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2023 жылдың басынан бері 2,5% өсті).

Бизнес субъектілеріне берілген жиынтық кредиттер 2023 жылғы қыркүйекте 1,7%, 10,3 трлн теңгеге дейін өсті (2023 жылдың басынан бері 6,6% өсті). Бұл ретте бизнеске кредиттердің өсуіне негізгі үлес дара кәсіпкерлерге кредиттермен қамтамасыз етілген, олар 2023 жылғы 9 айда 42,4%, 1,4 трлн теңгеге дейін ұлғайды.

ШОБ субъектілеріне қарыздар 2,5%, 6,7 трлн теңгеге дейін өсті (2023 жылдың басынан бері 11,7% өсті), ірі бизнеске берілген қарыздар 0,2%, 3,5 трлн теңгеге дейін өсті (2023 жылдың басынан бері 2,0%азайды).

Биыл жыл басынан бері ірі бизнеске кредиттердің төмендеуі қолайсыз макроэкономикалық жағдайлар аясында капиталды қажетсінетін және ұзақ мерзімді жобаларды тоқтата тұру себебінен қарыз қаражатына сұраныстың азаюымен байланысты.

Бұдан басқа, биыл бизнеске кредит берудің өсуіне кредиттер бойынша сақталып отырған жоғары пайыздық мөлшерлемелер (2023 жылғы қыркүйекте 20,3%), сондай-ақ қолданыстағы қарыздар бойынша жоспарлы өтеу көлемінің 2022 жылғы 9 аймен (8,7 трлн теңге) салыстырғанда 25,1%, 10,8 трлн теңгеге дейін өсуі тежеуші әсер етуді жалғастыруда. Бұл 2022 жылы инфляцияның өсуі аясында жаңа қарыздардың негізгі көлемі (шамамен 80%) 1 жылдан аз мерзімге берілгендігіне және тиісінше оларды өтеу ағымдағы жылы жүргізілетіндігіне байланысты.

Бұдан басқа, биыл корпоративтік секторға кредит берудің өсуінің баяулауына жаңа кредиттердің жалпы көлемінде мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде субсидияланған қарыздар үлесінің 6,8%-дан 5,9%-ға дейін азаюы әсер етті. Бұл 2023 жылғы маусымнан бастап осы мақсаттарға бөлінген бюджет қаражатының толық игерілуіне байланысты бизнестің пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауға өтінімдерін мақұлдауды тоқтата тұрудан туындады.

Жеке тұлғаларға берілген кредиттер тұтынушылық қарыздардың 2,0%, 9,4 трлн теңгеге дейін өсуі есебінен 2023 жылғы қыркүйекте 2,0% ұлғайып, 17,0 трлн теңгені құрады (2023 жылдың басынан 20,2% өсті).

Кредиттік портфельдің сапасы тұрақты болып қалуда. 2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша банк секторында мерзімі өткен берешегі 90 күннен асқан қарыздар (NPL 90+) деңгейі несие портфелінің 3,3%-ын немесе 906 млрд теңгені құрады (2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 3,4% немесе 815 млрд теңге).

ШОБ-ты есепке алғанда заңды тұлғалар портфелінде NPL90+ деңгейі 2,9%-ды немесе 333 млрд теңгені, жеке тұлғалар портфелінде 3,7%-ды немесе 572 млрд теңгені құрады. Жұмыс істемейтін қарыздарды провизиялармен өтеу жоғары деңгейде сақталып, 73,7%-ды құрайды (2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 76,9%).

Биыл қыркүйекте банктердің меншікті капиталы 1,9%, 6,2 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2023 жылдың басынан бері 19,4% өсті). 2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 18,8%-ды, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) – 21,4%-ды құрады, бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір асып түседі және банк секторындағы әлеуетті тәуекелдерді өтеуді қамтамасыз етеді.