Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша Қазақстанда ірі қара мал саны қазан айының басында 8 млн 490,7 мыңды құрап, 1,1% өсті (2024 жылдың қазан айында 8 млн 395,7 мың болды). Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов бүгін үкімет отырысында ет өндірудің де артып отырғанын хабарлады: 9 айда сою салмағындағы барлық ет түрлерінің өндірісі 816,3 мың тоннаны құрап, көрсеткіш 2,6% артты.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, ауыл шаруашылығы жануарларының басқа түрлерінің саны да өсіп жатыр. Жылқылардың саны 6,4% (4,5 млн бас), түйелер - 4,5% (299,7 мың бас), құстар - 6,5% (49 млн бас) өсті.
Одан әрі өсу индикаторлары мал шаруашылығын дамыту жөніндегі әзірленіп жатқан кешенді жоспарға енгізіледі. Онда саланы одан әрі мемлекеттік қолдау шаралары жазылады.
«Қазіргі уақытта салада бордақылау алаңдары үшін айналым қаражатын кредиттеу бағдарламасы жұмыс істейді, ол «Даму» қоры арқылы 80%-ға дейін кепілдікпен тауарлық шаруашылықтарға, құс фабрикаларына және басқа да бағыттарға таратылатын болады. Сондай-ақ инвестициялық мақсаттарға қаржыландыруды қоса алғанда, мал өсірушілерге арналған кредиттік өнімдер желісін кеңейтуді жоспарлап отырмыз», - деді Азат Сұлтанов.
Бұдан басқа, өңдеуші кәсіпорындардың айналым қаражатына жеңілдікпен несие беру жалғастырылатын болады. Осы мақсатқа биыл 44 млрд теңге бөлінді. Қазірдің өзінде 29,8 млрд теңгеге 75 жоба қаржыландырылды.
Айта кетейік, Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, сиыр етінің (жауырын-төс бөлігі) бағасы жыл басынан бері 25%-дан астам өсті. Қазақстанда сиыр етінің қымбаттауын тоқтату үшін енгізілген шектеулер айтарлықтай нәтиже бермейді. Сарапшылар экспортқа тыйым сала отырып, мемлекет ет бағасын төмендетудің орнына бүкіл саланың дамуына кері әсер етуі мүмкін дейді. Қазақстанда ет қымбаттауының басты себебі – жем-шөп бағасының күрт өсуі. Ауыл шаруашылығы сарапшысы Төлеутай Рақымбековтің есебі бойынша, 1 келі сиыр етінің нақты өзіндік құны шамамен 4 мың теңге.