2026 жылғы қыркүйекте Қазақстанның үш негізгі сауда алаңындағы бағалы қағаздардың қайталама нарығындағы сауда айналымы $6,1 млрд деңгейіне жетіп, Әбу-Даби көрсеткішіне ($7,5 млрд) таяу қалды. Осы орайда ITS халықаралық сауда алаңының өзіндегі сауда көлемі $4,1 млрд құрап, Dubai Financial Market көрсеткішіне ($4,2 млрд) жақындады.
Бұл туралы ITS басқарушы директоры Александр Диаковский 2026 жылғы 13–14 қазанда Маскат қаласында (Оман) өткен ConFEAS 2026 конференциясында айтты. Іс-шараны Еуразиялық капитал биржалары федерациясы (FEAS) ұйымдастырса, қабылдаушы тарап Muscat Stock Exchange болды.
20 айдың ішінде Қазақстанның сауда алаңдарындағы бағалы қағаздардың қайталама нарығының жиынтық айналымы төрт есе өсті.
«Осы күзде Қазақстанның акциялар мен облигациялардың қайталама нарығы ресми түрде Гонконг пен Лондон арасындағы уақыт белдеулерінде аса ірі өтімділік хабтарының біріне айналды. Бұл орайда, «Астана»халықаралық қаржы орталығының маңызы ерекше – жоғарылаған инвестициялық белсенділіктің негізгі бөлігі соған тиесілі. Сонымен қатар, бұл көлемді негізінен жеке инвесторлар қалыптастыратыны маңызды: айналымның үштен екісін қамтамасыз еткен ITS алаңында 123 елден тіркелген клиенттердің саны бір миллионнан асады», – деп атап өтті Диаковский.
Салыстыру кезінде шетелдік құралдарды қоса алғанда, бағалы қағаздардың қайталама нарығындағы мәмілелер есепке алынады, бірақ РЕПО операциялары, бағалы қағаздарды бастапқы орналастыру, валюталық мәмілелер мен деривативтер есепке алынбайды.
«Бұл жергілікті нарыққа тікелей әсер етеді. Инвесторларға қаржы құралдарының кең ауқымы және жақсы сервис ұсынылған кезде, сайып келгенде оларға жергілікті қаржы құралдарының өтімді нарығы да керек болады. Басқа сауда алаңдарымен және нарыққа қатысушылармен күш-жігерді біріктіре отырып, алдағы үш-бес жылда қазақстандық акциялар бойынша Лондон мен Нью-Йорк нарықтарындағы өтімділіктің едәуір бөлігін елге қайтара алатынымызға сенімдімін», – деп мәлімдеді Диаковский.
ITS сауда мүмкіндіктерін кеңейтіп, есеп айырысу-депозитарлық инфрақұрылымды дамытуды жалғастыруда. Бүгіндері бұл алаңда 3200-ден астам қаржы құралы, соның ішінде акциялар, облигациялар, ETF-тер мен деривативтер қолжетімді. Сауда сессиясының ұзақтығы 19 сағат, ал 2026 жылдың соңына дейін алаң 21/7 – аптасына жеті күн, тәулігіне 21 сағат сауда-саттық режиміне ауысуды жоспарлап отыр.
ITS Орталық депозитарийі 50-ден астам нарық қатысушысына қызмет көрсетеді, оның сақтауындағы активтердің көлемі - $5 млрд. Депозитарий сонымен қатар аса ірі жаһандық кастодиан-банктердің бірі – BNY Mellon банкінде тікелей кастодиандық шот ашты. Бұл шетелдік бағалы қағаздарды сақтау және қызмет көрсету мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Диаковский ITS алаңының даму бағыттарының бірі – биржалық инвестициялық қорлардың (ETF) маңыздылығын ерекше атап өтті. 2026 жылғы қыркүйек айының қорытындысы бойынша ITS алаңындағы 16 ETF-тің жиынтық активтері $119 млн көрсеткішіне жетті, ал олардың пай иелерінің саны 24 мыңнан асты. Single Stock ETF сегменті ең қарқынды өсуде: жыл басынан бері мұндай қорлардың пай иелерінің саны 6,5 есе артқан.
«Біз жаһандық нарыққа қол жеткізуді қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар жергілікті инвесторларға инвестициялаудың жаңа әрі қолайлы құралдарын ұсынамыз. АХҚО-да біз ETF-ке арналған толық циклді инфрақұрылым құрдық, бұл жаңа қорларды іске қосуды оңай әрі ашық етеді. Ең кең таралған құралдар – әлемдегі аса ірі компаниялардың акцияларына кішігірім сомаларды инвестициялауға мүмкіндік беретін Single Stock ETF. Индекстік қорлардың ішінде ITS Shariah исламдық қоры ең үлкен сұранысқа ие. Жалпы, ITS қорларының активтері $100 млн деңгейінен асты және де алғашқы 24 айдың серпіні көңіл көншітеді», – деп атап өтті Диаковский.
ITS-тің таяу уақыттағы жоспарында Қытайдың құрлықтық бөлігі мен Үндістанның қор нарықтарына бағдарланған ETF қорларын іске қосу арқылы инвестициялық өнімдер желісін кеңейту бар.