Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі шетелдік банктерді ашу талаптарын ырықтандыруға бағытталған түзетулерді қабылдауды жоспарлап отыр. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында баяндама жасаған агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді.
Шетелдік инвестордың Қазақстанның банк нарығына шығуы және шетелдік банктің филиалын ашуы үшін қазіргі талаптар Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі аясында 2020 жылы белгіленді.
«Шетелдік инвесторларға қойылатын талаптарды ырықтандыру үшін шетелдік банк ашуға рұқсат алу үшін қажетті құжаттар тізімін қысқарту жоспарлануда. Құжаттардың саны шетелдік бас компанияның рейтингіне байланысты болады. Рейтингі (BB-)-тен (А-)-қа дейінгі шетелдік банктер үшін еншілес банк ашуға құжаттар саны 24-тен 17-ге, филиал ашу үшін 20-дан 10-ға дейін қысқартылды. А- және одан жоғары рейтингі бар банктер үшін , құжаттар саны тиісінше 10 және 8-ге дейін қысқартылды», — деді агенттік басшысы.
Заң жобасы сонымен қатар филиалдарды құру кезінде шетелдік банктің активтеріне қойылатын талаптарды азайтады: 20 млрд доллардан 10 млрд долларға дейін.
Агенттік төрағасы шетелдік банктердің филиалдары үшін рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізімі де кеңейтілетінін айтты. Филиалдар шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүргізуге, кастодиандық қызметті жүзеге асыруға, трансфер-агент қызметін атқаруға, синдикатталған қаржыландыруға қатысуға, төлем карталарын шығаруға құқылы болады.
«Екінші кезеңде шетелдік банктің еншілес банкін немесе филиалын ашуға рұқсат алғаннан кейін банктік лицензия алу үшін құжаттар тізімі де 50-ден 7-ге дейін қысқартылады. Негізінен бұл құжаттар ішкі нормативтік құжаттар мен талаптарға қатысты. Оларды бекіту үшін лицензия алғаннан кейін кезеңге өтеді», — деп түсіндірді Мәдина Әбілқасымова.
Ведомство заң жобасы аясында банктің директорлар кеңесінің мүшелері үшін басшы қызметкерлердің басшылық тәжірибесінің болуы туралы талапты алып тастауды, сондай-ақ басшылық лауазымдарға үміткерлер үшін микроқаржы ұйымдарындағы жұмыс тәжірибесін ескеруді ұсынады.