Қазақстанда жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны артты. Бұл туралы статистика бюросы хабарлайды.
2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша олардың саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,6%-ға өсіп, 1 732 696 субъектіні құрады.
Жеке кәсіпкерлердің үлесі – 67,3%, шағын кәсіпкерлік субъектілері – 19%, шаруа немесе фермер қожалықтары – 13,5%, орта кәсіпкерліктің заңды тұлғалары – 0,2% құрайтыны атап өтілді.
Бюроның мәліметінше, тіркелген ШОБ субъектілерінің саны бойынша Алматы көш бастап тұр. «Мегаполисте 343 мың субъекті болса, оның 277 мыңы ғана жұмыс істейді. Үздік үштікке Астана (224 мың субъекті, оның 196 мыңы жұмыс істейді) және Түркістан облысы (178 мың субъекті, 175 мыңы жұмыс істейді) кірді.
ШОБ субъектілерінің жалпы санынан 601 мың субъекті көтерме және бөлшек саудамен және автокөліктерді жөндеумен айналысады; 269 мыңы ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында, үшінші орында құрылыс секторы – 92 мың субъект.
ШОБ субъектілерінің ең азы электрмен жабдықтау, газ және бу беру секторында тіркелген – 1769 субъект.