Қазақстанда 2022 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 36%-ға жетті. Соңғы деректер бойынша елімізде шамамен 1.8 млн ШОБ субъектілері тіркелген. Оларда 4.1 млн жуық адам жұмыс істейді. Бұл жалпы жұмыспен қамтылғандардың 46%-ын құрайды. Астанада «Экономика туралы диалог: Қазақстанда ШОБ дамуы» атты конференция барысында осындай статистикалық мәліметтер келтірілді. 

Jusan Analytics зерттеу орталығы ұйымдастырған бұл іс-шараға бірінші кезекте шағын және орта бизнес саласының өкілдері және олардан басқа әр түрлі қаржы ұйымдары, қауымдастықтар, қорлар, банктердің, сондай-ақ саяси партиялардың өкілдері қатысты.  

Белгілі болғанындай, ШОБ-тың басым бөлігі қызмет көрсету саласында еңбек етеді екен (75%). Ал осы бизнес субъектілерінің 50%-дан астамы 6 өңірде: республикалық мәнге ие қалаларда, сондай-ақ Алматы, Қарағанды және Түркістан облыстарында шоғырланған.   

«ШОБ-ты экономика дамуының, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайының нағыз индикаторы деуге болады, - деді өз сөзінде Jusan Analytics зерттеу орталығының басқарушы директоры Әнуар Қуандықов, - сол үшін де бұл өте нәзік, кірпияз және сезімтал сала. Айтса айтқандай, жаңадан құрылған ШОБ алғашқы жылдары жабылып қалмау үшін күреседі. Тек 3-5 жылдан кейін ғана, сан жағынан ғана емес, сапа жағынан да пайда әкеле бастайды. Бұл кезеңде олар бәсекеге қабілеттілігін нығайтады. Өз саласы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарына ден қояды. Еңбек өнімділігі мен экспорттық әлеуеті арта түседі».

Jusan Analytics зерттеу орталығының талдаушылары Қазақстанда шағын бизнестің өміршеңдік деңгейін бағалау үшін 2017 жылы құрылған 39 мың қазақстандық шағын компаниялардың (ДК және ЖШС) өмірлік жолына талдау жасаған. 

«Зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, 3.2 мың компания алғашқы жылы-ақ жабылып қалған. Ал 5 жылдық өміршеңдік деңгейі бар болғаны 18.4%-ды құрады. Яғни 39 мың компанияның тек 7.1 мыңы ғана 2022 жылы өз қызметін әрі қарай жалғастырды. Жаңа компаниялар үшін ең ауыр жыл – екінші жыл: бұл жылы олардың 80%-ы дерлік жабылды. Салыстырар болсақ, АҚШ-та шағын кәсіпорындардың 5 жылдық өміршеңдік деңгейі 51.9%-ды құрайды», – дейді Jusan Analytics жетекшісі. Оның айтуынша қазір елімізде ШОБ дамуына кедергі келтіретін тосқауылдар жетіп артылады. 

«Ең алғашқы мәселе – біз шикізаттық елміз. Экономиканың ауқымы үлкен емес. ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі дамыған елдерге қарағанда бізде әлі де төмен. Ал оларда ШОБ үлесі 50-60%-дан асады. Экономикасында ШОБ үлесі мардымсыз, бірақ табысы жоғары елдер болмайды. Болуы мүмкін емес. Өйткені нарық жағдайында кез келген елдің дамуы ШОБ дамуына және оның экономикадағы үлесіне тікелей байланысты», – дейді Ә. Қуандықов. 

Бір қалыпсыз, жоғары-төмен құбыла отырып даму – экономикасы шикізаттық сипатқа ие елдердің барлығына тән ауру екені белгілі. Қазақстан да солардың қатарында. Мұндай елдерде шикізаттық емес бизнестің өмір сүріп кетуі қиын. Өйткені елдің дамуы тұрақсыз және айырбас бағамы құбылып тұрады. Ал көтеріңкі айырбас бағамы өндірілген өнімдерді импорттық өнімдермен салыстырғанда бәсекеге қабілетсіз етеді және дағдарыс кезінде төлемге қабілетті сұраныс айтарлықтай төмендейді.    

«Сыртқы саудада да жағдай шамамен осындай. Қазақстанның шағын және орта бизнесіндегі компаниялардың тек 6%-ы ғана өз өнімдерін сыртқа экспорттайды. Ал мысалы, Орталық Еуропада және табысы орта деңгейден жоғары елдерде бұл көрсеткіш орта есеппен ШОБ-тың 20-25%-ын құрайды. Бізде тіпті компаниялардың елеулі бөлігі жұмыстық бизнес-модельді жасауға қауқарсыз және көп жағдайда жабылуға мәжбүр болады», – дейді Ә. Қуандықов.  

Тағы бір өзекті мәселе – жоғары инфляция. Соның салдарынан пайыздық мөлшерлемелер мен борышты өтеу қызметі қымбаттап кетті. Қазір нақты сектордағы кәсіпорындардың ұзақ мерзімді банктік несие алу мүмкіндігі төмен. Тек қысқа мерзімді несиелерге ғана сұраныс бар. Онда да тек айналым капиталын өтеу үшін алады. 

Статистикаға сүйенсек, жалпы несие қоржынында заңды тұлғаларға берілетін несиелер 2010 жылы 70% болса, 2022 жылы 50%-дан төмен түсіп кетті. Соның салдарынан тауар өндіретін ШОБ саласы жөнді қалыптаспайды. Сондай-ақ жұмыспен қамту, бәсекелестік және инновация қамтамасыз етілмейді. Экономиканың шикізат экспорттаушыларға тәуелділігі арта түседі.    

«ШОБ-тың несиелік қоржынының әлеуетті көлемі Қазақстанда 18.4 трлн теңгені құрайды. 2023 жылдың наурыз айының соңына қарай несиелердің нақты көлемі 6.5 трлн теңгеге жетті немесе әлеуетті көлемнің 35%-ына ғана тең. Соңғы деректер бойынша қазақстандық банктерде жинақталған еркін өтімділік 17 трлн теңгеден асады. Алайда ШОБ-тың кредиттік өтінімдерін мақұлдау коэффициенті 40%-дан аспайды», –  дейді басқарушы директор.

 Осы ретте несие беруге қатысты бірқатар өзекті мәселелерді атап өтуге болады: 

  • өтімді активтері болмағандықтан, ШОБ банктердің несиені қамтамасыз ету бойынша талаптарын қанағаттандыра алмайды. ШОБ субъектілерінің көпшілігі қолайлы кепілзаты болмағандықтан, тұтынушылық несие алуға өтіп жатыр. Ал ол болса қымбат.
  • пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауға арналған әртүрлі бағдарламалардың көмегі мардымсыз. Олар несиелерді шағын кәсіпорындардың шектеулі тобы үшін ғана арзандатады. Мөлшерлемелерді (бұл монетарлық саясатқа қайшы келсе де) ұзақ уақыт қаржыландыру бүкіл экономика үшін жоғары инфляция мен жоғары нарықтық мөлшерлемелердің  сақталуына септігін тигізеді.
  • ШОБ-тың аздаған бөлігінің ғана тексерілетін кредиттік тарихы бар. Мысалы, шағын және орта фирмалардың 30%-ға жуығы ғана ресми қаржыландыру секторында бизнестің дамуына несиелер алған. Демек, компаниялардың 70%-ынан астамында бизнес-кредиттер жоқ. 
  • ШОБ-тың көпшілігі патент бойынша немесе оңайлатылған салық салу режімі бойынша жұмыс істейді және қаржылық есеп-қисап дайындамайды. Мұндай компанияларды банктер төлем қабілеті төмен компаниялар деп санайды және олармен жұмыс істеуге қызығушылық танытпайды. 

Бұл жерде ешбір ішкі және сыртқы қиындықтарға қарамастан, кәсіпкерлерге айтарлықтай қолдау көрсетіп келе жатқан ұйым бар – ол «Даму» қоры. 2008 жылдан күні бүгінге дейін Қор тарапынан 192,6 мың жоба аясында кәсіпкерлікке 11,4 трлн теңгеге несие беріліпті.   

«Қазір бізде үш негізгі қаржы құрал іске қосылған. Ол субсидиялау, кепілдік беру және жеңілдікпен несие беру бағыттары бар. Бірінші құрал бойынша «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары аясында шағын кәсіпкерлік өкілі 7-8%-бен 20 млн теңгеге дейін, индустриалды-инновациялық бағыттағы кәсіпкерлер 3 млрд теңгеге дейін несие ала алады. Бірінші жағдайда мемлекет кредиттің 15,75%-ын, екінші жағдайда 13,75%-ын мемлекет субсидиялайды. Кепілдік беру құралы бойынша біз жаңадан бастап келе жатқан кәсіпкерлер үшін кредиттің 85%-ына дейін кепілдік береміз.  Кредит сомасы 360 млн теңгеге дейін. Жеңілдікпен несие беру құралы арқылы қарыз алушыға берілетін несие жылына 6-8,5%-бен беріледі. Бұл нарықтық көрсеткіштерден әлдеқайда төмен», – дейді «Даму» АҚ басқарушы директоры Нұрсұлтан Абдолла.

Кездесу барысында отандық шағын және орта бизнесті дамытудың нақты жолдары ұсынылды. Мамандардың айтуынша ең бірінші елде макроэкономикалық құбылмалылықты төмендеткен жөн. Сонымен қатар инфляцияны төмендетіп, ашық айырбас бағамын қалыптастырып, құрылымдық теңгерімсіздікті жою керек. Одан кейінгі басты мәселе – бюджет. 

«Бюджетті шикізаттық табыстардан барынша оқшауламаса болмайды. Яғни  нарықтың бұрмалануына жол бермес үшін бюджет шығындары жұмсалуы мүмкін салаларды шектеу, яғни барынша оңтайландыру керек. Сонымен қатар бюджеттік ережені қайта жаңғыртқан жөн. Ұлттық қордан түсетін трансферттер жүйесін қайта қарап, мұнай бағасы 45 немесе 50 АҚШ доллары болған жағдайдағы мемлекеттік бюджеттің құрылымдық теңгерімін бекіту. Осы белгіленген бағадан артық түскен табыстардың барлығы Ұлттық қорға бағытталуы тиіс», – дейді өз сөзінде «Jusan Invest» АҚ Аналитикалық зерттеулер басқармасының бастығы Бауыржан Түлепов. 

Бұдан басқа, қатысушылар тәуелсіз, ашық және жүйелі ақша-несие саясатын қатаң ұстану керектігін алға тартты. Яғни бұл саясат экономиканы ынталандыруға және халықты қолдауға жауап бермеуі керек. Нақты айтар болсақ:  

1) Ұлттық Банкті экономиканы несиелендіру ісінен 2023 жылдың соңына дейін шығару. Барлық тікелей қаржылық шығындар мемлекеттік бюджет аясында ғана жүзеге асырылуы тиіс. Ал бизнеске несие беру – тек нарықтық шарттар аясында екінші деңгейдегі банктер арқылы атқарылады.  

2) Ұлттық Банктің валюта нарығына тікелей және жанамалай қатысуын барынша азайту. Бюджеттік ереже толық күшіне енгенге дейін, Ұлттық қордың қаражаттарын ішінара айырбастауды Қазақстанның қор биржасынан (ҚҚБ) шығару және жыл соңына дейін айырбастау көлемін нақты хабарлау.