Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсіп кешеніне кіретін «Семей инжиниринг» АҚ-ның 100% акциясы жекешелендіруге шығарылды. Кәсіпорынның бастапқы бағасы – 70,8 млрд теңге. Аукцион 2026 жылғы 27 қарашада өтеді.
e-Qazyna порталындағы мәліметке сәйкес, сатылымға кәсіпорынның 2 млн 608 мың жай акциясы қойылған. Сауда-саттық бағаны көтеру әдісімен жүргізіледі. Аукционға қатысу үшін 10,6 млрд теңге көлемінде кепілдік жарна төлеу қажет. Өтінімдер 27 қараша күні сағат 10:55-ке дейін қабылданады. Сауда-саттық сағат 11:00-де басталады.
Кәсіпорынды «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы сатылымға шығарған. Бағалау есебіне сәйкес, компания акцияларымен бірге жалпы құны 52,8 млрд теңге болатын 339 бірлік әскери техника да беріледі. Оның ішінде:
177 Т-72 танкі;
104 БМП-1 жаяу әскердің жауынгерлік машинасы;
35 БТР-70 бронетранспортері;
23 БРДМ-2 барлау-дозор машинасы бар.
Бұл техниканы Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсіп кешеніндегі ұйымдарға немесе экспорттық лицензиясы бар шетелдік заңды тұлғаларға сатуға болады. Алайда бағалау есебінде мұндай техниканы бұған дейін сату тәжірибесі болмағаны атап өтілген.
Кәсіпорынның жағдайы қандай?
Бағалау есебіне сәйкес, «Семей инжиниринг» 2022–2024 жылдары пайда тапқан. Алайда 2025 жылы кәсіпорын 105 млн теңге шығынға ұшырады. Ал 2026 жылдың қаңтар-маусым айларында 320,2 млн теңге таза пайда алған.
2026 жылғы 30 қазандағы жағдай бойынша кәсіпорынның «Қазақстан инжиниринг» алдындағы 2014 жылғы дивидендтер бойынша кредиторлық берешегі 2,8 млрд теңгені құраған.
Кәсіпорын Семей қаласындағы Батыс өнеркәсіптік торабында орналасқан. Негізгі қызметі – бронетанктік техниканы күрделі жөндеу және жаңғырту. Сонымен қатар конверсиялық және азаматтық мақсаттағы техника шығарады.
Жылына қанша техника жөндей алады?
Бағалау есебінде кәсіпорынның өндірістік қуаты бірнеше сценарий бойынша есептелген:
жеңілдетілген жөндеу кезінде – жылына 200 бірлікке дейін;
қолданыстағы өндірістік алаңдарда күрделі жөндеу кезінде – 53 бірлікке дейін;
өндіріс аумағын кеңейтіп, жабдықтарды жаңғыртқан жағдайда – 100 бірлікке дейін.
Қазір кәсіпорында 180 өндірістік қызметкер жұмыс істейді. Өндірістік алаңның көлемі – 23 520 шаршы метр. Ал басшылықтың бағалауынша, қазіргі нақты өндірістік қуаты жылына шамамен 50 техника бірлігін құрайды. Кәсіпорынның күрделі жөндеу бойынша тарихи ең жоғары көрсеткіші жылына 60 техника болған.
Өндірістің шектелуіне қосалқы бөлшектер мен агрегаттарды жеткізудегі үзілістер, кейбір компоненттердің ұзақ уақыт жеткізілуі және жөндеуге келетін техниканың техникалық жағдайының нашарлығы әсер етіп отыр.
Жаңа меншік иесіне қандай талап қойылады?
Аукцион жеңімпазы кәсіпорынның негізгі қызмет бағытын сақтауға және штаттағы қызметкерлердің кемінде 60%-ын Қазақстан азаматтарынан жасақтауға міндетті.
Сонымен қатар жаңа меншік иесі:
кәсіпорынның жылжымалы және жылжымайтын мүлкін сақтауға;
«Қазақстан инжиниринг» алдындағы кредиторлық берешекті өтеуге;
мемлекеттік қорғаныс тапсырыстары мен азаматтық өнім өндіру бойынша келісімшарттарды орындауға;
технология трансферін қамтамасыз етіп, өндірісті дамытуға міндеттеледі.
Сондай-ақ сатып алушыға кәсіпорынды қайта сату, кепілге қою немесе басқаруға беру құқығы берілмейді. Акцияларға қатысты белгілі бір мәмілелер жасауға да 12 айға шектеу қойылған.
Бұған дейін де сатылымға шығарылған
«Семей инжиниринг» алғаш рет 2021 жылғы 24 желтоқсанда аукционға қойылған. Ол кезде бастапқы бағасы 12,5 млрд теңге болған. Бұл жолғы бастапқы баға бұрынғыдан 5,6 есе жоғары.
Кәсіпорынды жекешелендіру туралы шешім бірнеше жылдан бері қарастырылып келеді. 2020 жылдың желтоқсанында зауыт 2021–2025 жылдарға арналған жекешелендіру жоспарына енгізілген. Алайда 2022 жылғы қарашада ұлттық қауіпсіздік мәселелеріне байланысты жоспардан шығарылды.
2025 жылғы 24 қазанда Үкімет квазимемлекеттік сектор субъектілері мен мемлекеттік меншік нысандарын оңтайландыру туралы қаулы қабылдады. Ал 2026 жылғы 28 қазанда «Қазақстан инжиниринг» директорлар кеңесі кәсіпорынның 100% акциясын сатуды мақұлдады. 2 қарашада Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің бұйрығымен жекешелендіру туралы шешім түпкілікті бекітілді.