Freedom SuperApp арқылы енді ДНҚ-тест пен зертханалық тексерулерге тапсырыс беруге болады. Компания дәрігерге жазылудан бастап зерттеу нәтижелерін сақтауға дейінгі қызметтерді де бір қосымшаға жинамақ. Медициналық қызмет көрсету бағытындағы жаңашылдықтар мен алдағы жоспарлар Freedom Talk кездесуінде айтылды.
Қазақстанда онлайн медициналық қызметтерге жүгінетіндер қатары көбейіп келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы 5,6 млн адам дәрігер қабылдауына ғаламтор арқылы жазылған. Сондай-ақ, былтыр азаматтарға 8,5 миллионнан астам электрондық медициналық анықтама берілген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,2 есе көп.
Осындай деректерді ескерген Freedom онлайн медициналық қызметтер қатарын кеңейтті. Компания мәліметінше, қазанда дәрігердің ақылы қабылдауына SuperApp арқылы 4493 адам жазылған. Қыркүйек айында бұл көрсеткіш 2089 болса, бір айдағы өсім 100%-дан асып отыр. Бүгінде аталмыш сервиске 202 жекеменшік клиника қосылған. Дәрігерді таңдаған кезде оның рейтингі мен пациенттердің пікірін де көруге болады.
Freedom ұсынған жаңа қызметтің бірі адамға өз денсаулығының генетикалық ерекшеліктерін білуге мүмкіндік береді. Компания қосымша арқылы ДНҚ-тестке тапсырыс қабылдай бастады. Құны 20 мың теңге болатын тест үшін зертханаға барудың қажеті жоқ. Пайдаланушы арнайы жиынтықтағы сынауыққа сілекей жинап, үлгіні зерттеуге жібереді. Әзірге тест денсаулыққа қатысты генетикалық бейімділіктерді анықтауға арналған. Кейін адамның шыққан тегін зерттеу мүмкіндігін қосу жоспарланып отыр.
«ДНҚ-тест – компанияның генетика саласындағы жалғыз жоспары емес. Freedom Қазақстан тұрғындарының генетикалық ерекшеліктерін зерттеуге арналған референстік геном қорын жасауға да қатыспақ. Жалпы, әлемдік генетикалық дерекқорларда қазақстандықтардың үлесі аз. Сондықтан бұл жұмысты мемлекетпен және ғылыми институттармен бірлесіп жүргізуге ниеттіміз», – деп атап өтті Freedom Lifestyle Group бас директоры Алексей Ли.
Ал зертханалық тексерулерге тапсырыс беру қызметі әзірге INVIVO желісімен бірге іске қосылды. Пайдаланушы қажетті зерттеуді қосымшадан таңдап, ақысын төлей алады. Нәтижелерді де сол жерден көру мүмкіндігі қарастырылған.
«Қан талдауынан бастап, зертханаларда жасалатын басқа да зерттеулерге тапсырысты SuperApp арқылы қабылдай бастадық. Әр тапсырысқа кэшбэк беріледі. Кейін бұрынғы және жаңа нәтижелерді салыстырып, денсаулық көрсеткіштеріндегі өзгерістерді бақылауға болады. Жақын арада қатарымызға тағы екі танымал зертхана желісі қосылады», – деді Алексей Ли.
Бұл ретте, қазақстандықтардың медициналық құжаттарының бірі электрондық поштада, екіншісі мессенджерде, тағы бірі қағаз күйінде сақталатыны рас. Бұрынғы тексерулердің нәтижесін іздеп әуре болмас үшін Freedom олардың бәрін SuperApp-тағы «Менің денсаулығым» бөліміне жинамақ. Компания шалғайдағы тұрғындардың өмірін жеңілдету мақсатында телемедицинаны да дамытуды қолға алады.
«Телемедицина әзірге кең дамымаған бағыт, бірақ кей өңір үшін аса маңызды екенін түсінеміз. Астана мен Алматыда дәрігерлер жеткілікті болса, шалғай өңірлерде олардың тапшылығы ерекше сезілуі мүмкін. Өз ауылынан шықпай-ақ білікті дәрігерге жүгіну жолға кететін уақытты үнемдейді. Телемедицинаның маңызы сонда», – деді ол.
Бұл ретте кездесуде медициналық мәліметтердің құпиялығын сақтау мәселесі де көтерілді. Лидің айтуынша, мұндай деректер оқшауланған жүйелерде сақталуға тиіс және қатаң бақылауда болуы қажет.