Дүкендерде отандық тауарлар азайып барады

Қазақстанда азық-түлік нарығындағы импорттың үлесі артып келеді. 2023 жылы сауда орындарындағы азық-түлік тауарларының 38%-ын отандық өнім құраса, 2026 жылғы 1 қазанда бұл көрсеткіш 30% дейін төмендеген. Ал импорттың үлесі 70%-ға жетті. Бұл туралы INFOLine компаниясының негізін қалаушы Иван Федяков Food Business Forum Qazaqstan форумында мәлімдеді.

Қазақстан нарығына Қытай мен Еуропадан импорт көбейген

Иван Федяковтың айтуынша, соңғы үш жылда Қазақстанның бөлшек саудасындағы импорт үлесі 62%-дан 70%-ға дейін өскен.

«Үш жыл бұрын ресейлік тауарлар ассортиментте басым болды. Заманауи бөлшек сауда сегментінде олардың үлесі шамамен жартысына жетті. Қазір Ресейдің үлесі азайды, бірақ қазақстандық өнімдердің үлесі де төмендеді. Басқа елдердің барлығы импорт көлемін жоғары қарқынмен арттырып жатыр», – деді сарапшы.

INFOLine деректеріне сәйкес, 2026 жылғы 1 қазанда дүкен сөрелеріндегі тауарлардың 31%-ы Ресейден жеткізілген. 2023 жылдың тамызында бұл көрсеткіш 46% болған.

Ал басқа елдердің үлесі мынадай:

  • Италия – 7%;

  • Франция мен Испания – 4%;

  • Германия – 3%;

  • Беларусь – 2%;

  • басқа елдер – 23%.

Соңғы санаттың үлесі 2023 жылғы тамыздағы 10%-дан 2026 жылғы қазанда 23%-ға дейін өскен.

Импорттың ақшалай көлемінде де өзгеріс бар. 2025 жылы Қазақстан Ресейден азық-түлік импорттауды 2024 жылмен салыстырғанда 14% қысқартқан. Ал басқа елдерден жеткізілім көлемі артқан:

  • Қытайдан – 39%;

  • Беларусьтен – 35%;

  • Украинадан – 30%;

  • Германиядан – 29%;

  • Түркиядан – 28%;

  • басқа елдерден – 117%.

«Біздің ойымызша, бұл үрдіс 2027 жылы да жалғасады», – деді Иван Федяков.

Сарапшы импорттың өсуін теңгенің нығаюымен және отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуімен байланыстырды.

Сауда нарығының өсуі баяулады

Иван Федяков Қазақстандағы бөлшек сауданың даму қарқынын да жоғары бағаламады. Оның пікірінше, бұған халықтың нақты табысының төмендеуі әсер етіп отыр.

«Қазақстандағы бөлшек сауданың өсу көрсеткіштері төмен деңгейде. Бұл халықтың нақты табысы екінші жыл қатарынан төмендеп келе жатқанымен байланысты», – деді ол.

Сарапшының мәліметінше, қазір Қазақстанда азық-түлік сататын 70 мың сауда нысаны бар. Оның 40%-ы заманауи бөлшек саудаға, ал 60%-ы дәстүрлі саудаға тиесілі.

Жаңа сауда орындары негізінен үй жанындағы шағын дүкендер форматында ашылып жатыр. Ал ірі супермаркеттер салу қарқыны төмен.

«Ешкім супермаркет салғысы келмейді», – деді Федяков.

Оның пікірінше, Қазақстанда дискаунтерлер мен дайын тағамдар сегментінің даму әлеуеті жоғары.

Қазақстанда қандай сауда форматының әлеуеті жоғары?

Сарапшы азық-түлік саудасында әлі толық игерілмеген тағы бір бағытты атады. Бұл – тауар ассортименті шектеулі, бірақ бағасы төмен дүкендер.

Мәселен, Magnum кең ассортиментті әрі салыстырмалы түрде арзан дүкендер сегментінде жұмыс істейді. Galmart желісін ассортименті шектеулі әрі бағасы жоғары форматқа жатқызуға болады.

Ал тауар таңдауы аз болғанымен, бағасы қолжетімді дүкендер сегменті әзірге бос тұр.

«Бұл – Ресей мен Еуропада ең жылдам дамып келе жатқан сегмент», – деді сарапшы.

Федяков Қазақстанда жаңа дүкендер ашу қарқыны да жеткіліксіз екенін атап өтті. Оның айтуынша, нарық көшбасшыларының өзінде сауда нүктелерінің саны бірнеше жүзден аспайды.

Сонымен қатар кейбір желілер белсенді кеңейіп келеді. Мәселен, CU бір жылдан сәл астам уақытта 50-ден астам дүкен ашып, жалпы санын 70-ке жеткізген. Ал украиналық команда дамытып жатқан «Мой маркет» желісі бір жылда 26 сауда нүктесін іске қосқан. Оның құрамына наубайханалар мен дүкендер кіреді.

Қоғамдық тамақтану саласы бөлшек саудаға қарағанда жылдамырақ дамып жатыр. Алайда бұл сегментте де шетелдік компаниялар белсенділік танытуда.

Мысалы, қытайлық WeDrink балмұздақ пен сусындар желісі бір жыл ішінде Қазақстанда 112 жаңа нүкте ашқан. Нәтижесінде желінің елдегі жалпы сауда орындарының саны 322-ге жеткен.

Осылайша, сарапшының бағалауынша, Қазақстан азық-түлік нарығында импортқа тәуелділігін арттырып қана қоймай, бөлшек саудадағы жаңа форматтарды дамытуда да шетелдік ойыншылардан қалып келеді.