АХҚО Global Carbon Market Network құрылтайшысы болды

АХҚО Global Carbon Market Network құрылтайшысы болды

АХҚО БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясының (UNCTAD) қолдауымен құрылған жаңа халықаралық желі — Global Carbon Market Network құрылтайшыларының бірі болды. Бұл туралы Түркияда өтіп жатқан COP31 конференциясында жарияланды. Бастама көміртек және қаржы нарықтары арасындағы байланысты нығайтуға, ашықтық пен сенімді арттыруға, сондай-ақ трансшекаралық операцияларды дамытуға бағытталған.

Global Carbon Market Network желісінің алғашқы қатысушыларының қатарына АХҚО-мен бірге Азия, Африка, Таяу Шығыс, Еуропа және Латын Америкасының ұйымдары, соның ішінде Climate Impact X, Johannesburg Stock Exchange, Indonesia Stock Exchange, Global Carbon Council, Verra және Voluntary Carbon Market Company кірді.

Сонымен қатар Түркияда өтіп жатқан БҰҰ Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы Тараптарының 31-конференциясы (COP31) аясында АХҚО «Ерікті көміртек нарығы: инфрақұрылым, стандарттар және қаржыландыру» атты сараптамалық пікірталас ұйымдастырды. Іс-шара халықаралық ұйымдардың, көміртек нарығы инфрақұрылымының, қаржы институттары мен бизнес өкілдерінің басын қосты. Қатысушылар Орталық Азиядағы климаттық қаржыландыру мен ерікті көміртек нарығын дамытудың практикалық тетіктерін талқылады.

Пікірталас модераторы АХҚО Әкімшілігінің өнімдер жөніндегі бас директоры Жанболат Кәкішев болды.

Талқылауға Verra ұйымының нарықтар және клиенттермен қарым-қатынас жөніндегі директоры Кассио Соуза; халықаралық жаңартылатын энергия сертификаттарын (I-REC) саудалайтын FOTON платформасының бас директоры Юнус Сонмез; Қазақстанның Даму Банкінің басқарушы директоры Дина Жанәділ; Global Carbon Council (GCC) серіктестік мәселелері жөніндегі бас директорының орынбасары Кишор Раджханса; сондай-ақ Freedom Holding Corp. ESG басқармасының атқарушы директоры Айнұр Төлегенова қатысты.

«Ерікті көміртек нарығы климаттық жобаларды қаржыландырудың толыққанды көзіне айналуы үшін көміртек бірліктерін шығару ғана жеткіліксіз. Ол үшін сапалы жобаларды, халықаралық деңгейде мойындалған стандарттарды, ашық инфрақұрылымды, капиталға қолжетімділікті және сатып алушылар тарапынан тұрақты сұранысты қамтитын тұтас экожүйе қажет. Орталық Азия үшін климаттық жобаларды қаржы нарықтарымен байланыстырып, инвесторлар үшін түсінікті тетіктер қалыптастыру ерекше маңызды. Экология және табиғи ресурстар министрлігі климаттық инвестициялық жобалар пулын қалыптастыру жөніндегі жұмысты бастамақ, ал АХҚО өз тарапынан қаржылық инфрақұрылым, халықаралық сараптама және жобалардың инвесторлармен әрі нарық қатысушыларымен өзара іс-қимыл жасауына мүмкіндік бере отырып, бұл үдерісті қолдауға дайын», — деді АХҚО Әкімшілігінің өнімдер жөніндегі бас директоры Жанболат Кәкішев.

Қатысушылар жасыл және тұрақты қаржыландыру құралдарын, ESG-қаржыландыруды, даму банктерінің мүмкіндіктерін, ерікті көміртек нарығының (VCM) тетіктерін, сондай-ақ халықаралық жаңартылатын энергия сертификаттарын (I-REC) қоса алғанда, климаттық бастамаларды қаржыландырудың қолжетімді көздерін қарастырды.

Инвесторлар мен қаржы институттарының климаттық жобаларға қоятын талаптарына ерекше назар аударылды. Сарапшылар жобаларды капитал тартуға қалай дайындау, мәмілелерді құрылымдау және халықаралық әрі өңірлік инвесторларды қызықтыра алатын сапалы бастамалар портфелін қалыптастыру мәселелерін талқылады.

Пікірталастың жеке бағыты Орталық Азияда көміртек бірліктері мен I-REC сертификаттарына сұранысты дамытуға арналды. Қатысушылар олардың айналымы мен саудасына арналған инфрақұрылымды қалыптастыру, сондай-ақ климаттық құралдардың ашықтығын, қолжетімділігін және өтімділігін арттыру үшін биржалық тетіктерді пайдалану әлеуетін қарастырды.

Сарапшылар көміртек нарығын одан әрі дамыту экожүйенің барлық негізгі элементтерінің: халықаралық стандарттар мен тізілімдердің, қаржы институттарының, инвесторлардың, бизнестің және мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын талап ететінін атап өтті. Мұндай тәсіл көміртек құралдарына деген сенімді арттырып қана қоймай, өңірдегі климаттық жобаларды қаржыландыру мүмкіндіктерін де кеңейтуге мүмкіндік береді.

Алдағы жұмыс аясында пікірталасқа қатысушылар бірнеше басым бағытты белгіледі: климаттық инвестицияларды дайындау және құрылымдау бойынша құзыреттерді дамыту, сапалы әрі инвестициялық тартымды жобалар портфелін қалыптастыру, бизнес, мемлекеттік органдар, инвесторлар және халықаралық ұйымдар арасындағы әріптестікті нығайту, көміртек бірліктері мен I-REC сертификаттарына сұранысты ынталандыру, сондай-ақ Орталық Азиядағы нарықтық және биржалық инфрақұрылымды дамыту.

Өткен пікірталас тиімді ерікті көміртек нарығын қалыптастыру кешенді тәсілді талап ететінін көрсетті. Бұл ретте халықаралық стандарттар, ашық нарықтық инфрақұрылым, қаржыландыруға қолжетімділік және тұрақты сұраныс инвестициялар тарту мен климаттық бастамаларды іске асырудың өзара байланысты шарттары.

АХҚО Қазақстан мен Орталық Азияда тұрақты қаржыландыруды дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және климаттық жобаларды іске асыру үшін қолайлы экожүйе қалыптастыруға одан әрі жәрдемдесетін болады.