2023 жылғы тамыз айының қорытындысы бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының активтері негізінен сақтандыру қызметі бойынша кірістердің өсуі нәтижесінде 1,2%, 2,4 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2023 жылдың басынан бері 17,3% өсім).

2023 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша активтер құрылымында ең көп үлес бағалы қағаздарға – 72,6% (1,8 трлн теңге), екінші деңгейдегі банктердегі ақшалай қаражат пен салымдарға – 5,3% (129,0 млрд теңге), сақтандыру дебиторлық берешекке – 4,3% (103 млрд теңге) тиесілі. 

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының міндеттемелері 2023 жылғы тамызда 1,5 трлн теңгеге дейін 0,2% ұлғайды (2023 жылдың басынан бері 19,1% өсті). 

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының меншікті капиталы 2023 жылғы тамызда 2,9% немесе 25,3 млрд теңгеге 885 млрд теңгеге дейін, негізінен сақтандыру қызметінен алынған пайда есебінен ұлғайды (2023 жылдың басынан бері 14,2% өсті).    

2023 жылғы тамызда сақтандыру нарығы бойынша таза пайда 31,2 млрд теңге болды (2023 жылдың басынан бері – 159,9 млрд теңге).

2023 жылғы тамызда жеке және заңды тұлғалар бойынша жасалған сақтандыру шарттарының саны 1 580 мың шартты құрады, бұл 2023 жылғы алдыңғы аймен салыстырғанда 2,9% аз.

2023 жылдың басынан бері жеке және заңды тұлғалар бойынша жасалған сақтандыру шарттарының саны 10 894 мың шартты құрады, бұл 2022 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 33,1% артық. Негізгі өсім жазатайым оқиғалардан сақтандыру (119,6% немесе 1 170 мың шарт) және көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру (18,1% немесе 706 мың шарт) бойынша шарттарға тиесілі.

Сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша қабылданған сақтандыру сыйлықақылары 2023 жылғы тамызда 77,0 млрд теңгені құрады. Сақтандыру сыйлықақылары 2023 жылғы 8 айда барлығы 654,8 млрд теңгені құрады, бұл 2022 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 22,1% көп. Сақтандыру сыйлықақылары өсуінің негізгі драйвері ерікті мүліктік сақтандыру сыныбы болып табылады.

Міндетті сақтандыру бойынша жылдың басынан бері 130,6 млрд теңге сомаға сақтандыру сыйлықақылары жиналды, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 15,1% көп. Ұлғаю, негізінен, Қызметкерді жазатайым оқиғалардан мiндеттi сақтандыру туралы заң шеңберінде жүзеге асырылатын ерікті жеке аннуитеттік сақтандыра отырып, сақтандырудың аталған сыныбын біріктіруді ескере отырып, қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру (21,8% немесе 9,9 млрд теңгеге өсу) бойынша және көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру (8,6% немесе 5,2 млрд теңгеге өсу) бойынша орын алды.

Ерікті жеке сақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 2023 жылғы 8 айда 214,6 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 14,1% көп. Өсу негізінен жазатайым оқиғалардан сақтандыру бойынша жиналған сыйлықақылар сомасының ұлғаюына байланысты (87,6% немесе 18,1 млрд теңгеге өсу).

Ерікті мүліктік сақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықақылары ағымдағы жылдың басынан бері 309,5 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 32,0% көп. Өсу, негізінен, автомобиль көлігін сақтандыру бойынша жиналған сыйлықақылар сомасының 110,4%  немесе 32,4 млрд теңгеге және мүлікті сақтандырудың 16,2% немесе 20,7 млрд теңгеге ұлғаюымен байланысты.

2023 жылғы тамызда сақтандыру төлемдері 23,1 млрд теңгені құрады. 2023 жылдың басынан бері сақтандыру төлемдері 163,9 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 45,6% көп. Өсу, негізінен, мүлікті сақтандыру және көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру бойынша сақтандыру төлемдерінің ұлғаюымен байланысты.

2023 жылғы тамызда барлығы 85 мың төлем, 2023 жылдың басынан бері – 713,7 мың төлем жүзеге асырылды.