2025 жылға дейін «Самұрық-Қазына» Қазақстанның ірі компанияларындағы үлесін оларды жекешелендіру, IPO және SPO-ға шығаруға бастамашылық ету арқылы азайтады. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде (ОКҚ) өткен брифингте «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді.
«Қазіргі таңда KASE және AIX жергілікті биржаларында «ҚазМұнайГаздың» IPO-сына белсенді дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл күндері Қазақстанның қалаларында жалпы халықты тарту мақсатында роуд-шоу басталады. Біздің міндетіміз – халықты хабардар етіп, барынша қамту», - деді Алмасадам Сәтқалиев.
Оның айтуынша, 2025 жылға қарай ҚМГ, AirAstana, QazaqGaz және ҚТЖ компанияларын IPO-ға шығару, «KEGOC» АҚ-ның SPO өткізуі жоспарлануда.
«Самұрық-Энерго» екі кәсіпорынға бөлінеді. Олардың бірінде барлық көмір активтері қалады. Екінші компания SamrukGreenCo барлық жасыл активтерді, соның ішінде су электр станциялары мен жаңартылатын энергия нысандарын алады. Ол 2023-2024 жылдары IPO-ға шығарылады.
Бұл ретте қор стратегиялық активтердегі бақылау пакетін сақтайды.