Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Миноритарлық акционерлер қауымдастығының (QAMS) «Самұрық-Қазына» директорлар кеңесіне SKAI (Samruk-Kazyna Artificial Intelligence) нейрожелісінің мүше болуына қатысты қауіптерін растады. QAMS атқарушы директоры Данияр Темірбаевтың айтуынша, қауымдастық агенттіктен ресми жауап алған.

«Қысқаша айтқанда — реттеушінің позициясы нақты және ол QAMS қауіптерін толықтай растайды», — деп жазды Темірбаев.

Қауымдастық ҚНРДА жауабынан бірнеше негізгі тұжырымды алға тартты. Оған сәйкес, агенттік директорлар кеңесінің мүшесі тек жеке тұлға бола алатынын мақұлдап отыр.

«ҚНРДА «Акционерлік қоғамдар туралы» заңның 54-бабы 1-тармағына сәйкес, директорлар кеңесінің мүшесі тек жеке тұлға бола алатынын тікелей көрсетті. Бұл — императивті норма, ол меншік нысаны мен мемлекеттің қатысуына қарамастан барлық АҚ-ға қатысты қолданылады. Бұл «Самұрық-Қазына» үшін ешқандай ерекшелік жоқ дегенді білдіреді», — деді Данияр Темірбаев.

ҚНРДА жауабында заңға тәуелді актілер заңды өзгерте алмайтыны да айтылған.

«Самұрық-Қазынаның» корпоративтік басқару кодексі Үкімет қаулысымен бекітілген, бірақ онда директорлар кеңесі құрамына ЖИ-дің қатысуына рұқсат беретін нормалар жоқ. Заңға тәуелді акт заң талаптарын кеңейте немесе өзгерте алмайды. «Бұл дегеніміз — «Самұрық-Қазынаның» жалғыз акционерінің (ҚР Үкіметінің) шешімі заңға қайшы келмеуге тиіс», — деп түсіндірді QAMS өкілдері. 

«ҚНРДА тәуелсіз директор мәртебесі мыналарды білдіретінін еске салды: кәсіби пайымдау, жеке және фидуциарлық жауапкершілік, тәуелсіздік критерийлеріне сәйкестік және мүдделер қақтығысының болмауы. Бұл сипаттамалар табиғаты бойынша тек жеке тұлғаға ғана тән. Сондай-ақ, реттеуші корпоративтік басқару жүйесінде ЖИ пайдаланылған жағдайда, оның құқықтық мәртебесін, басқарушылық шешімдерге араласу деңгейін және инвесторлар үшін ықтимал тәуекелдерді ашып көрсету қажеттігін атап өтті», — деп тізіп шықты Темірбаев.

QAMS ақпараттың жеткіліксіз ашылуы «инвесторлардың сенімін түсіреді және корпоративтік басқару сапасын бағалауға әсер етеді» деп есептейді.

«Бұл инвесторлар үшін нені білдіреді? Капитал нарығының реттеушісі құқықтық белгісіздіктің бар екенін растады. Директорлар кеңесіне ЖИ-дің қатысуы қолданыстағы заңнамаға қайшы келеді. Осыған байланысты мынадай тәуекелдер туындайды: а) «Самұрық-Қазына» ДК шешімдеріне дау айту мүмкіндігі, б) корпоративтік басқару процедураларының бұзылуы, в) инвесторлардың, соның ішінде халықаралық нарықтардағы сенімінің төмендеуі», — деп түсіндірді қауымдастық басшысы.

Айта кетсек, QAMS қауымдастығы Бас прокуратураға Самұрық-Қазына директорлар кеңесіне ЖИ енгізу шешімінің құқықтық салдарына қатысты ресми түсіндірме беру туралы сұрау жолдаған еді. Ал Бас прокуратура «Самұрық-Қазына» Қорының Директорлар кеңесі (ДК) құрамындағы SKAI жасанды интеллектісіне (ЖИ) қатысты QAMS-тан түскен сауалды Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне жолдағанын мәлімдеді

«Самұрық-Қазына» қоры 2 қазанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа SKAI (Samruk-Kazyna Artificial Intelligence) нейрожелісін – Директорлар кеңесінің цифрлық тәуелсіз мүшесін таныстырған едіSKAI - жасанды интеллект негізінде әзірленген және өңір бойынша Директорлар кеңесінің дауыс беру құқығы бар алғашқы цифрлық тәуелсіз мүшесі.