«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры 2022 жылға 238 млрд теңге көлемінде дивиденд төлейді. Мұндай шешім 2023 жылғы 19 желтоқсанда өткен акционерлердің жалпы жиналысында қабылданды, деп хабарлайды Қазақстан қор биржасы.
Айта кетейік, Ұлттық әл-ауқат қорының жалғыз акционері Қазақстан Республикасының Үкіметі.
«Қазақстан Республикасының Үкіметі қордың 2022 жылға арналған таза кірісін бөлу тәртібін бекіту туралы қаулы етеді:
- дивидендтер төлеуге 238 026 881 919 (екі жүз отыз сегіз миллиард жиырма алты миллион сегіз жүз сексен бір мың тоғыз жүз он тоғыз) теңге бөлуге;
- коммерциялық емес ұйымға қаражат бөлу қағидаларында белгiленген тәртiппен "Қазақстан халқына" қоғамдық қорына 66 614 100 623 (алпыс алты миллиард алты жүз он төрт миллион жүз мың алты жүз жиырма үш) теңге бөлсiн. қордың таза кірісінің кемінде 7%;
- таза кірістің бөлінбеген бөлігін қор мен оның компанияларына инвестициялық бағдарламаларды қаржыландыру, қарыз міндеттемелерін өтеу және активтерді сатып алу үшін қалдыру», - делінген биржа сайтында.
Құжатта қордың бір жай акциясына 2022 жылға дивиденд мөлшері 68,36 теңгені құрайтыны түсіндіріледі.
Республикалық бюджетке дивидендтер төлеу қаулыға қол қойылған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.