Қазір Қазақстан өз тауарын экспорттауы үшін Ресей аумағы арқылы өтуге мәжбүр. Транскаспий дәлізі Ресейден транзиттік тәуелсіздік әпереді.
Қазақстан аумағы арқылы өтетін трансконтиненталдық бағдарлар мен дәліздерді дамытумен мақсатты түрде айналысады. Президент Тоқаев осындай тапсырма берген. Биылғы басты бағыт – Транскаспий халықаралық көлік бағдарының (ТХКБ немесе Middle Corridor) әлеуетін ашу, деп хабарлайды ҚР Индусртия және инфрақрылымдық даму министрлігі .
Ұлттық көлік жүйесін әлемдік көлік желісіне интеграциялау арқылы елдің транзиттік әлеуетін барынша пайдалану керек. Мемлекет басшылығы көлік саласының алдына осындай міндет қойды. Ол міндет дәйекті түрде орындалады.
8 ел, 20 қатысушы
Қытай – Құрық/Ақтау – Баку/Алят – Батуми/Поти бағытымен және одан әрі үшінші елдерге, оның ішінде Баку – Тбилиси – Карс жаңа желісі арқылы мультимодальдық көлік сервисі 2017 жылы жолға қойылды.
ТХКБ – мультимодальдық бағдар. Оған теміржол және теңіз көлігі тартылған.
Бүгінгі таңда жүк ағынының едәуір бөлігін Қазақстанның түрлі экспорттық өнімдері алады. Атап айтқанда мұнай-химия өнімдері, қара және түсті металдар, СКГ, көмір, көмір коксы, ферроқорытпалар, дәнді, майлы, бұршақ дақылдары және басқа да көптеген жүк түрлері. Сонымен қатар, ТХКБ Қытай мен Орталық Азия елдерінен батысқа қарай – Еуропа, Африка елдеріне және кері бағытта жүктерді контейнермен тасымалдау қызметтерін сәтті және мақсатты түрде ілгерілетуде.
Транскаспий халықаралық көлік бағдарының халықаралық қауымдастығы (бұдан әрі - ТХКБ) көлік нарығының 20-дан астам маңызды мүшелерін - магистральдық инфрақұрылым иелері мен 8 елдің тасымалдаушыларын біріктіреді. Олар - Әзербайжан, Грузия, Қазақстан, Қытай, Польша, Румыния, Украина және Түркия елдері. Транскаспий дәлізінің ашылуына еліміз бастамашы болғандықтан, Қауымдастықтың штаб-пәтері Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан.
Осы жазда Өзбекстан жоба қатысушыларына қауымдастырылған мүше ретінде қосылу туралы өз шешімін жариялады. Солай болуы да тиіс еді. Өйткені, транзиттік тасымалдар көлемінің жыл сайын артуы осы бағыттың үлкен әлеуетін көрсетеді.
Жүк тасымалдау көлемі
2017 жылы (ашылған жылы) Middle Corridor бойынша тек 0,3 мың контейнер өткізілген. 2018 жылы тауар тасымалы 3,9 мың ЖФЭ-ге дейін өсті. 2019 жылы бұл көлем тағы 2 есеге артып, 7,4 мың контейнерді құрады.
Экспорттық жүк тасымалдарының өсуіне "ҚТЖ "ҰК" АҚ-тың мұнай өнімдерін, дәнді және бұршақты дақылдарды, минералдық тыңайтқыштарды, картопты, етті, қантты, түсті және қара металдарды, мақтаны, өсімдік майын, шикі қантты, жаңа піскен жеміс-көкөніс өнімдерін, құс етін, тоқыма, полипропиленді, сондай-ақ контейнерлердегі жүктерді Өзбекстанға және Өзбекстаннан еліміз арқылы транзитпен тасымалдауға қолайлы тарифтік жағдайлар ұсыну туралы шешімі әсер етті.
Пандемияның 2020 жылы басталуы Қауымдастық мүшелерінің жоспарлары мен құрылған логистикалық байланыстарға айтарлықтай әсер етті. Алайда, контейнерлік тасымалдардың өсуі осы күрделі жылда да тоқтаған жоқ. Өткен жылмен салыстырғанда 9% немесе 8,1 мың ЖФЭ артты.
2021 жылы ТХКБ бағытындағы жүк тасымалы қайта жанданды. Бірінші жартыжылдықта 7,4 мың контейнер тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 2,3 есе артық.
Бес жыл ішінде, 2017 жылдан бастап 2020 жылға дейін бағыт бойынша 3,9 млн тоннадан астам сыртқы сауда жүктері, оның ішінде 20 футтық баламада 71 мың контейнер тасымалданды. Оның 2,1 млн тоннасы - қазақстандық экспорттық жүктер.
Еуропаға кесте бойынша
2018 жылғы 28 қарашада Ляньюньган портындағы (ҚХР) Қазақстан-Қытай логистикалық терминалынан алғашқы контейнерлік пойыз жолға шықты. Ол Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Түркия арқылы соңғы межелі пункт – Ыстамбұлға дейін ТХКБ бойынша жүріп өтті.
Бірінші құрамаға машиналар мен жабдықтар, электроника, сонымен қатар тұтыну тауарлары, барлығы жиырма бір 40 футтық контейнер тиелді.
Осы қатынас тұрақты негізде іске асырылады. Контейнерлік құрамдарды Ляньюньган портынан ай сайын жөнелту көзделген. Болашақта олардың саны артады.
Биылғы бірінші жартыжылдықта Middle Corridor бойынша 60 контейнерлік пойыз өтті.
Сиань қаласынан (ҚХР) Түркияның Измитіне дейінгі бағдар қазірдің өзінде тұрақты боп саналады. "Nomad Express" контейнерлік пойызы әр он күн сайын жолға шығады және қатаң кесте бойынша жүреді. Қаңтар-маусым айларында бұл бағытта 19 теміржол жүк құрамы өтті.
Түркияның Мерсин және Черкезкой бағыттары да жыл соңына дейін тұрақты кестеде бекітілуі мүмкін. Биыл алғашқы 6 айда мұнда Қазақстан арқылы транзитпен 34 контейнерлік пойыз өтті. Потиде (Грузия) тағы 19 контейнерлік пойыз және Бакуде (Әзірбайжан) 7 пойыз.
Nomad Express бүгінгі таңда мынандай бенчмаркті қозғалыс жылдамдығында көрсетеді: Шихези (Қытай) - Кишлы (Әзірбайжан) - 6 тәулік; Ильичевск (Украина) – Достық (Қазақстан) - 16 тәулік; Ляньюньган (Қытай) – Ыстамбұл (Түркия) - 18-19 тәулік; Чэнду (Қытай) - Ыстамбұл (Түркия) - 17 тәулік.
Жобаға қатысушы Қауымдастық мүшелері Транскаспий халықаралық көлік бағдары бойынша жүктердің жүру уақытын одан әрі қысқарту үшін тосқауылдарды алып тастап, сервисті жақсарту жұмыстарын жалғастырады.
Бәсекеге қабілеттілікті арттырамыз
Жаңа логистикалық сервистерді дамыту және бәсекеге қабілетті тарифтік мөлшерлемелерді қалыптастыру ТМТМ-ның дамуына ықпал етеді.
Бағдар бойынша тұрақты мультимодальдық көлік сервисі бекітілген кешенді тарифтік мөлшерлемелер бойынша іске асырылады. Жобаға қатысушы елдер оларды алдағы жалдау жылына қарайды және бекітеді. Сосын олар барлық тасымалдау операторларының орындауы үшін міндетті болады.
2017 жылы Қауымдастық құрылған сәттен бастап ТХКБ бағдарындағы тарифтер вагон тасымалдарына (10 позиция), фидер кемесімен контейнерлік тасымалдарға (23 бағыт) және паромдық қатынастармен (11 бағыт) Қытайдан/Қазақстаннан/ОА елдерінен Түркияға, Румынияға, Украинаға, Польшаға, сондай-ақ кері бағытта базалық деңгейден 60% төмендеді.
Жүк тасымалдаушылар үшін осы халықаралық бағыттың тағы бір артықшылығы жедел диспетчерлік басқаруды қамтамасыз етеді.
2019 жылғы сәуірден бастап ТХКБ шеңберінде виртуалды диспетчерлік орталық жұмыс істейді. Оған Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия және Түркиядан темір жолдар мен логистикалық тасымалдау операторларынан жауапты қызметкерлер, сондай-ақ ТХКБ Халықаралық қауымдастығының атқарушы органы кіреді. Орталық қатысушылары күн сайын бүкіл ТХКБ бағытында тасымалданатын контейнерлік пойыздар мен жеке контейнерлік жөнелтілімдердің қозғалысы мен орналасуы туралы ақпаратпен алмасады. Транзиттік кедендік рәсімдерді жеделдетуге дейін тасымалдау процесінде туындайтын мәселелерді жедел шешеді.
Қауымдастық шеңберінде "ТХКБ бағдары бойынша контейнерлік пойыздар құрамында жүк тасымалдауды ұйымдастыру кезіндегі өзара іс-қимыл және жауапкершілік шаралары туралы келісім" және "Каспий теңізі порттары (Ақтау, Баку (Алят)) арасындағы фидерлік кемелердің қатысуымен тікелей халықаралық темір жол-су қатынасында контейнерлік тасымалдауды ұйымдастыру туралы келісім" жұмыс істейді.
Осы келісімдермен тасымалдауға қатысатын тараптардың өзара іс-қимыл жасау технологиясы, ТХКБ бағдарының әрбір учаскесі бойынша контейнерлерді жеткізу және өңдеу мерзімдерін белгілеу, Каспий теңізінен өту кезінде тасымалдау және кедендік ресімдеуді оңайлату, жеткізудің белгіленген мерзімдерін сақтамағаны үшін тараптардың жауапкершілігі сияқты маңызды аспектілер сипатталып, бекітілген.
Аталған құжаттарды іс жүзінде қолдану тасымалдардың тиімділігін едәуір арттыруға және ТХКБ бағытымен контейнерлік жүктерді жеткізу мерзімдерін айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік берді.
Жуырда, яғни 2021 жылғы 4-5 тамызда Киевте Транскаспий халықаралық транзиттік бағдарын дамыту жөніндегі сараптамалық жұмыс тобының кезекті отырысы өтті. Қауымдастық қатысушылары жүк тасымалының қазіргі жағдайы мен бағыттағы қауіпсіздік жайын талқылады. Жарғыға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, 2021 жылға бекітілген тарифтік мөлшерлемелерді өзектендірді. Сондай-ақ қолданылу мерзімінің аяқталуына байланысты жаңартылған редакцияда келісімдердің жаңа мәтіндерін келісті.