Мәскеу биржасының (MOEX) меншігінде болған Қазақстан қор биржасының (KASE) акциясын сатып алған Тэтис Капитал және Баланс Ассет Менеджмент басқару компанияларынан оларға қатысы бар тұлғалар туралы ақпаратты сұрамақ. Бұл туралы KASE басшысы Алина Алдамберген айтты.

«Біз келіссөздер жүргіздік, оған сәйкес Мәскеу биржасы акционерлерден шығатыны туралы келісімге қол жеткізілді. Үлесті кімге сатқаны Мәскеу биржасының құзырында. Көріп отырғанымыздай, бұл инвестициялық қорлары бар активтерді басқарушы екі компания. Осыған байланысты, біз заң талаптары аясында аталған акционерлермен байланысып, қатысы бар және байланысты тұлғалар туралы шешім қабылдау шеңберінде Қазақстан заңнамасына сәйкес талап етілетін ақпаратты ұсынуды сұраймыз», — деді.

Ресей заңнамасына сәйкес, жабық пай қорлары үлестік меншік негізінде қордағы мүлікті иеленетін акционерлерін жариялауға міндетті емес. Инвестициялық пай қорлары жағдайында үлестес болу және қосылу акциялардың иелері бойынша емес, оларды басқаратын басқарушы компания бойынша қарастырылады.

Өткен жұмада, 11 қазанда KASE бұрын Қазақстан қор биржасының 13,1% акциясына иелік еткен Мәскеу биржасы соңғысының акционерлерінен шыққанын хабарлады. Бұл пакеттің иелері тиісінше Тэтис Капитал және Баланс Ассет Менеджмент басқару компаниялары  басқаратын екі ресейлік «Нигелла» (қазіргі уақытта KASE-де 8,5% үлесі бар) және «Левкой» (4,6%) жабық инвестициялық пай қоры болды.

«Біз мәміленің тарапы емеспіз, сондықтан Мәскеу биржасы акцияларды қандай жағдайда сатқанын білмейміз. Коммерциялық негізде шығар», - деді Алина Алдамберген. 

Оның айтуынша, жаңа акционерлер қазақстандық акционерлік қоғамның кез келген акционерлері сияқты басқару органдарына өз кандидатураларын жариялауға немесе ұсынуға құқылы. Бұл үшін Қазақстан қор биржасында белгілі бір тәртіп бар.

«Бұған дейін айтқанымыздай, біз Мәскеу биржасымен стратегиялық серіктестік орнатқан едік, олар біздің акционерлеріміз болды. Сонымен бірге 12 маусымда оларға АҚШ пен басқа елдер санкция салды. Осыған байланысты, бұл қор биржасына тікелей әсер етпесе де, жанама әсер етуді жалғастырды, біз бұл акцияларды сату мүмкіндігі туралы келіссөздерге бастамашылық жасадық. Осы келіссөздер аясында Мәскеу биржасы акционерлерден шығатыны туралы түсінікке қол жеткізілді, бұл өткен аптада аяқталды», - деді Алина Алдамберген.

Мәскеу биржасы KASE үлесіне төрт жыл бұрын кірді. Ресейлік сауда алаңы пакеттің бірінші бөлігін (3,3%) 2020 жылдың басында алды; сол жылдың соңында оны 13,1%-ға дейін арттырды.