2022 жылдың қорытындысы бойынша елді газдандырудың жалпы деңгейі жалпы халықтың 59%-ын құрады немесе 11,6 млн адам газға қол жеткізді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлім етті.

«Жалпы, елді газдандыру 2022 жылы жаңартылған Қазақстан Республикасын газдандырудың 2015-2030 жылдарға арналған бас схемасына сәйкес жүргізілуде. Бұл ретте мемлекет басшысының еліміздің солтүстік-шығыс өңірлерін газдандыру мүмкіндіктерін қарастыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында министрлік түрлі нұсқаларды әзірлеуде», деді Болат Ақшолақов.

Атап айтқанда, министр атап өткендей, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын газдандыруды «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының өткізу қабілетін арттырғаннан кейін «Сарыарқа» газ құбырының 2-3 кезеңін салу арқылы жүзеге асыру ұсынылып отыр.

«Шығыс өңірлерді газдандыру үшін министрлік екі нұсқаны қарастырып жатыр. Бірінші нұсқа – Қостанай – Астана – Павлодар – Семей – Өскемен бағыты бойынша газ құбырын салу, ол қомақты инвестицияларды, инвестицияның қайтарымдылығын қамтамасыз ету үшін тұтынушылар үшін газ тарифтерін көтеруді, сондай-ақ газ кен орындарының жаңа ресурстарын игеруді (барлаудан бастап іске қосуға дейін орта есеппен 7-10 жыл қажет) талап етеді. Екінші нұсқа – Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы газ саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Жол картасы аясында Ресей Федерациясынан газ импорттау», деп түсіндірді Болат Ақшолақов.

Оның айтуынша, бүгінде «QazaqGaz» ҰК» АҚ «Газпром» ЖАҚ-мен бірлесіп «Ресей Федерациясы – Қазақстан Республикасы – Қытай Халық Республикасы» халықаралық газ құбырының құрылысы бойынша мәселелер кешенін зерделеу үшін алдын ала техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу үстінде.