«QazaqGaz «ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов пен Geo-Jade Petroleum Corporation президенті Дэй Сяопин негізгі қағидаттар туралы келісімге қол қойды.

Құжат газ өндірісі бойынша Придорожное кен орнын бірлесіп игеруге негіз болмақ. Жобалау жұмыстары 2024 жылы басталады деп күтілуде.

«QazaqGaz үшін басты міндеттердің бірі – газдың ресурстық базасын ұлғайту. Біз елдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейту бағытында қажетті шараларды қабылдап жатырмыз. Сондықтан компания ҚР Энергетика министрлігімен және «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, инвестициялық тартымдылықты қамтамасыз ету үшін газ саласында ауқымды реформаларды іске асыруда және инвесторларды газ кен орындарын игеруге тартуда», – деді Санжар Жаркешов.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін QazaqGaz және Geo-Jade Petroleum Corporation компаниялары Қазақстан аумағындағы газ кен орындарына геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу саласында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған болатын. Аталған келісім бүгінгі қабылданған құжатқа негіз болды.