Биылғы қаңтар-қазан айларында елімізде 4,6 млн тонна дизель отыны өндірілді, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 9,7% артық, деп хабарлайды energyprom.kz.
Жалпы, 2021 жылы еліміздегі дизель отыны өндірісі бір жылда 6,6% артып, 5 млн тоннаны құрады.
Биылғы қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша жергілікті компаниялар дизель отынына деген сұранысты (ішкі нарықта сатуды және экспорт) бір жыл бұрынғы 97,3%-бен салыстырғанда 99,3%-ға қамтамасыз етті. Осы кезеңдегі өндіріс 3,6 млн тоннаны құрады, бұл бір жыл бұрынғыдан 7,9% артық.
Дизель отынының импорты мен экспорты күтілгендей шамалы болды: тиісінше 23,8 мың тонна (бір жыл бұрынғыдан 3,9 есе аз) және 60,5 мың тонна (3,4 есе аз).
Ішкі нарықтағы сату көлемі 3,6 млн тоннаны құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10,5% артық.
Биылғы қазан айының қорытындысы бойынша дизель отыны бағасы бір жылда 12,5% өсті. Оның ішінде жазғы дизель отыны 1,3% арзандаса, қысқысы керісінше бірден 30,7% қымбаттады.
Өңірлер бойынша ең қатты қымбаттаған Ақтөбе облысында: бір жылда 27,9%. Одан кейін Абай (24,6% қымбаттады) және Шығыс Қазақстан (24,4% қымбаттады) облыстары. Бір жылда баға ең аз өскен Алматы облысы: 0,5%. Шымкент, Жамбыл және Жетісу облыстарында баға өткен жылдың қазан айындағы деңгейде қалды. Түркістан облысында 1,8% арзандады.