Былтыр Қазақстанда құрылыс материалдарын өндіру көлемі құндық мәнде 1,1 трлн теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 25,6% артық.

Алайда 2022 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында нақты көлем индексі 101,3 пайызды құрады, деп хабарлайды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.

Өндіріс көлемінің физикалық мәнде ұлғаюы бес позиция бойынша белгіленді. Өндіріс көлемінің өсімі бойынша керамикалық отқа төзімді емес кірпіш көш бастап тұр, оның ішінде елімізде 1 540,5 мың текше метр өндірілді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 35% артық. Отқа төзімді бұйымдарды өндіру көлемі 245 мың тоннаға жетті. Оның өсімі 17,3% деңгейінде белгіленді. Гипс өндірісі 210,9 мың тоннаны құрады, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 14,4% жоғары. Құрылыс ерітінділері 1 645 574 тонна көлемінде өндірілді – 6,8% өсті. Цемент клинкерлерінің өндірісі 8 289 мың тоннаны құрайды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 3,6% артық.

Силикатты және шлак кірпіштері бойынша физикалық мәнде құрылыс өнімдерінің өндірісінің төмендеуі байқалды. Олардың өнімі 2022 жылы 998 811 тоннаны құрады – бір жылда 17,3% азайды. Дайын бетон өндірісі 12,8%-ға, 20 225 384 тоннаға дейін, цементтен, бетоннан немесе жасанды тастан жасалған тақтайшалар, плиталар және ұқсас бұйымдар – 11,2%, 5 102 892 тоннаға дейін, құрылысқа арналған бетон бұйымдары – 6% төмендеді, 8 498 013 тоннаға, құрастырмалы құрылыс конструкциялары – 3,9%, 1 022 235 тоннаға дейін, керамикалық қаптама кірпіш – 1,8%, 313,4 мың текше метрге дейін, портландцемент – 1,8%, 12 088,3 мың тоннаға дейін.

Құрылыс материалдары нарығының көлемі 2022 жылғы қаңтар-қарашада 3,1 млрд долларды немесе 1,4 трлн теңгені құрады. Отандық тауар өндірушілердің үлесі 66%-ды құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3% өсті. Ішкі нарықтағы импорт өнімдері 34%-ды құрайды.

Былтыр құрылыс жұмыстарының көлемі 6,3 трлн теңгені құрады, бұл 2021 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда 9,4% артық. Құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемі 5,4 трлн теңгені құрайды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 107,9%-ды құрады.

Осы кезеңде пайдалануға берілген жаңа нысандардың жалпы ауданы 18 597,3 мың шаршы метрді құрады. Сонымен қатар, тұрғын үйлерді пайдалануға беру көрсеткіші 8,8% төмендеп, 15 422,1 мың шаршы метрді құрады, оның ішінде 8 843,9 мың шаршы метр – көппәтерлі және 6 499,8 мың шаршы метр – жеке тұрғын үйлер.

Қарастырылып отырған кезеңде тұрғын үй құрылысына 2,9 трлн теңге инвестиция бағытталды, бұл 2021 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда 16,8% артық.