Бағаны қалыптастыру тетіктерін жетілдіру аясында, сондай-ақ инфляциялық тәуекелдерді алдын алу үшін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі құн индексін бекітті.
Бұл туралы министрліктің кеңейтілген алқа отырысында белгілі болды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаевтың айтуынша, құрылыстағы сметалық құнның өсуіне жол бермеу үшін жобалау-сметалық құжаттамадан прайс-парақтар алынып тасталды.
«Сметалық бағаның қымбаттауына жол бермеу үшін бірыңғай сметалық бағалардың жинақтары әзірленді. Бұл өз кезегінде сметалық құжаттаманы дайындау процесін жеңілдетіп, оның сараптау процесін оңтайландыра түседі», деді вице-министр.
Айта кетейік, құрылыс пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларындағы ашықтықты қамтамасыз ету үшін қазір цифрлы технологияларды енгізу қолға алынып отыр. Мәселен, eQurylys жүйесі шұңқыр жерлерді қазудан бастап тұрғын үйдің пайдалануға берілетін кезеңіне дейін бақылауға мүмкіндік береді. Ал «Е-Шаңырақ» платформасы ТКШ субъектілерінің жүйелерін біріктіріп, тұрғын үй қорын басқарудың ашықтығы мен аталған салаға мониторинг жүргізіп, талдау жасауға септеседі.
Мемлекет басшысының берген тапсырмасына сәйкес бейберекет құрылысты алдын алып, қолайлы қоғамдық кеңістіктер мен инфрақұрылымды қалыптастыру үшін қалаларды кешенді салудың стандарттары әзірленді. Осы мақсатта өңірлік әкімдіктер шағын сәулет нысандары мен абаттандыру тәсілдерін қолдана отырып, қалалардың заманауи келбетіне байланысты жобаларды әзірлеуді қолға алды.
Сондай-ақ тиімді жоспарлау мен заңсыз дәлме-дәл құрылысты болдырмау үшін және қоғамның мүддесін ескере келе, барлық деңгейдегі қалалық жобаларға арналған бірыңғай қала құрылысының сараптамасы заңнамалық деңгейде енгізіліп жатқанын айта кету керек.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ҚР ИИДМ Құрылыс кодексін әзірлеуді қолға алды. Соған сәйкес саладағы реттеушілік тәртіп, орнықты даму мақсаттары мен бағаны белгілеу тетіктері айқындалып, жүйелі салалық мәселелер шешіліп қана қоймай, бірқатар заңға тәуелді акті қысқарады деп көзделген.