Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың баяндауынша, 2023 жылғы қаңтар-қазан айларында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,9%-ға жетті.
Нақты сектордағы оң динамика 3,8%-ды, қызмет көрсету саласында 5,4%-ды құрады.
Салалар арасында ең жоғары көрсеткіштер құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс, сондай-ақ көлік салаларына тиесілі.
Жалпы барлық негізгі көрсеткіш бойынша Абай, Батыс Қазақстан, Жетісу, Қызылорда облыстарында және Алматы қаласында көрсеткіштер жақсы.
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 12,6%.
Олардың ағыны көлік және қоймалау саласында 58%, денсаулық сақтау саласында 40%, саудада 38%, білім саласында 18%, ауыл шаруашылығында 8,7%, өнеркәсіпте 8,3% өсті.
Алдын ала қорытындылар бойынша, қаңтар-қыркүйекте республиканың сыртқы сауда айналымы 2,4%, 102 млрд долларға дейін өсті.
Экспорт 57 млрд доллардан астам болды, оның ішінде өңделген тауарлар экспортының үлесі – 18 млрд доллар, тауарлар импортының үлесі – 44 млрд доллардан астам.
Қазақстанның оң сауда балансы 13 млрд долларға тең.
Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбековтің баяндауынша, 10 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке түскен табыс 15,5 трлн теңгені құрап, жоспар 98,3% орындалды.
Атап айтқанда, республикалық бюджетке 10,5 трлн теңге, жергілікті бюджетке 5,1 трлн теңге қаражат түсті.
Мемлекеттік бюджеттің шығыны 98,2%, республикалық бюджеттің шығыны – 99,4%, жергілікті бюджеттердің шығыны 97,2% орындалды.