ҚТЖ жолаушылар тасымалына тарифті 50% қымбаттатады

«ҚТЖ-Жолаушылар локомотивтері» ЖШС жолаушылар тасымалындағы локомотивтік тарту қызметтерінің шекті бағасын 50% арттыруды жоспарлап отыр.

Компанияның тарифті қайта қарау туралы өтініші 5 қазанда Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті өткізген жария тыңдауда талқыланды.

Қазір бұл қызметті «ҚТЖ-Жолаушылар локомотивтері» ЖШС көрсетеді, ал оны «Жолаушылар тасымалы» АҚ төлейді. Екеуі де ҚТЖ-ға қарасты, яғни компания өз ішінде бағаны көтеріп отыр. Сондықтан тарифтің өсуі жолаушылар тасымалдаушысының шығынын арттырғанымен, бұл пойыз билеттерінің бағасы автоматты түрде 50% қымбаттайды дегенді білдірмейді.

Компанияның мәліметінше, локомотивтік тарту қызметінің қолданыстағы бағасы 2018 жылдан бері өзгермеген.

Енді Табиғи монополияларды реттеу комитеті компанияның өтінішін қарап, ұсынылған шығындардың экономикалық тұрғыдан негізділігін тексереді.

Ескеретін жайт, локомотивтік тарту тарифінің 50% өсуі билет бағасының да 50% өсетінін білдірмейді, бірақ билеттің қымбаттауы әбден мүмкін.