Solva МҚҰ-дағы AG Holding үлесі 58,39%-ға жетті

AG Holding компаниясы Solva Group-тың (КазОнлайнФинанс) 13 миноритарлық акционеріне тиесілі акцияларды сатып алып, компаниядағы үлесін 58,39% жеткізді. 5 қазанда Solva Group акционерлер құрамындағы өзгерістер туралы Astana International Exchange-ке хабарлады.

Мәміле нәтижесінде AG Holding-тің меншігіне Solva акцияларының 9,397%-ы өтті. Бұған дейін компанияның негізгі акционерлері Әбілжан Құсайынов пен Жандос Мұқатаевқа тиесілі AG Holding тамыз айында Solva-ның 49%-дық үлесін ресейлік Александр Дунаев пен Борис Батиннен сатып алған болатын.

Solva-ның акционерлік құрылымының өзгеруі компанияны банкке трансформациялау бойынша бірнеше жылға созылған әрекеттер аясында болып жатыр.

Бұған дейін микрокаржы ұйымының банк лицензиясын алу және банкке айналу жоспары бірнеше рет талқыланған. Жаңа акционерлер мен менеджмент бұл жоспардан бас тартқан жоқ.

Сонымен қатар компанияның директорлар кеңесінің төрағасы да өзгерді. Бұл қызметке бұған дейін Solva директорлар кеңесінің құрамында болған Ғалым Құсайынов тағайындалды.

Осылайша, AG Holding Solva-дағы бақылаушы үлесін 58,39%-ға дейін ұлғайтып, компанияның әрі қарайғы даму стратегиясына ықпалын күшейтті.