ҚР ҰЭМ басшылығы «Ақ жол» партиясымен ҚҚС (қосылған құн салығы) мөлшерлемесін көтеру мәселелесін талқылады.
Іс-шараға Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев, Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин, Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов, ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов және кәсіпкерлер қатысты.
Жиын барысында қосылған құн салығының мөлшерлемесін арттыру, саралау, тауарлар мен қызметтерді экспорттау кезінде ҚҚС-ты қайтару, экономика саласын қосымша ынталандыру мәселелері талқыланды.
Министр атап өткендей, ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр. Алдын ала есептеулер бойынша, бюджетке қосымша түсімдер 2-2,4 трлн. теңгені құрайды.
«Бұл Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттердің көлемімен бірдей. Қосымша кірістер осы трансферттердің мөлшерін қысқартуға мүмкіндік береді. Тиісінше, Ұлттық қордың жинақтау функциясын күшейтеді. Ал түскен қаражат әлеуметтік салаға бағытталады. Бұл ретте ҚҚС мөлшерлемесінің өзгеруі тек 121 821 (5,5%) төлеушіге ғана қатысты болады», - деді ҰЭМ басшысы.
Айта кету керек, ҚҚС ставкасының мөлшері мен көлеңкелі экономика деңгейі арасында тікелей байланыс жоқ. Кезінде ҚҚС мөлшерлемесінің 20%-дан 12%-ға дейін азаюы көлеңкелі экономика деңгейінің айтарлықтай төмендеуіне әкелген жоқ. ҚҚС мөлшерлемесі 12% болғанына қарамастан, Қазақстанда көлеңкелі экономика деңгейі Еуропа елдеріне қарағанда жоғары (ЖІӨ-дегі деңгейі 19,8%). Мысалы, Германияда ҚҚС мөлшерлемесі -19%, көлеңкелі экономика ЖІӨ-ге шаққанда шамамен 10%.
Соңғы уақытта салық саясаты барлық қиыншылықтардан құтқаратын құралға айналды. Бірақ, экономикалық проблемалар жеңілдіктер мен преференциялар арқылы ғана шешілмеуі керек. Кешенді салалық шешімдер қажет. 10 кәсіпкердің 9-ы басты мәселе ретінде "ұзақ" мерзімді қаржыландыруды көтереді. Сыбайлас жемқорлық, рұқсат беру рәсімдерін жеңілдету, отандық тауарларды жылжыту мәселелерін шешу қажет.
ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі бірінші кезекте импорттық тауарларға әсер етеді.
Отандық тауар өндірушілерді ынталандыру үшін жеңілдіктер сақталады.
Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар ҚҚС мәселесін талқылау үшін тұрақты кездесулер өткізуге келісті.