Қостанай облысының кәсіпкерлер палатасы жедел штабтың жұмысына белсенді түрде араласуда. Өрт аймағында зардап шеккен кәсіпкерлерге консультациялар өткізіп, зардап шеккен кәсіпорындардың шығындарын жергілікті жерлерге барып бағалап, паспорт дайындайды. Бизнестен түскен көмекті жинауға, алуға және одан әрі халыққа жеткізуге қатысады. Бұл туралы Қостанай облысының кәсіпкерлер палатасында өткен брифингте ӨКП директоры Данияр Күзенбаев хабарлады, деп жазады «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы.
Қазіргі уақытта зардап шеккен бизнес нысандарының саны – 18, оның ішінде Әулиекөл ауданында - 17, Қарасу ауданында – 1. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы жабдықтарынан 1 комбайн, 1 трактор жанып кеткен.
12 кәсіпкердің айтуынша, олардың мүліктік залал сомасы 200 млн теңгеден асады, ал 6 нысан залал сомасын анықтап жатыр. Зардап шеккендер кафе, ТЖО, сауда және ауылшаруашылық тауар өндірушілері сияқты шағын бизнес өкілдері.
«Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Райымбек Баталовтың тапсырмасы бойынша төтенше жағдайдың алғашқы сағаттарында жедел штаб құрылды, онда зардап шеккен бизнес туралы, сондай-ақ бүкіл елдің кәсіпкерлері аймаққа жіберетін көмек туралы барлық ақпарат жиналады
"Мен жеке өзім Өңірлік кеңес мүшелерімен бірге Әулиекөл ауданына зардап шеккендерге азық-түлік, киім және басқа да гуманитарлық көмекпен екі рет бардым. Сондай-ақ, біз қаржы мекемелерінің басшыларымен қарыздарды есептен шығару мәселесі бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз, банктердің қарауында қаржы мекемелерінің атына тиісті хаттар бар. Мүлігіне залал келген бизнес субъектілері анықталды, кері байланыс орнатылды, мүлікті тексеру актісі әзірленді, нысандарды фото және бейнетіркеумен қарау жүргізілуде. Өрттен зардап шеккендердің толық тізімін, соның ішінде залал сомасы мен несиелік берешекті анықтау үшін кәсіпкерлік субъектілеріне қоңырау шалу жалғасуда", - деді Данияр Күзенбаев.
Қазақстандық кәсіпкерлер өрттен зардап шеккен тұрғындар үшін шамамен 200 млн теңге (Kostanay Music Fest - 50 млн теңге және «Агромашхолдинг КЗ» ЖШС «Allur» зауытымен бірлесіп - 100 млн теңге), сондай-ақ 56 млн теңгеге гуманитарлық көмек жинады. Қостанай халқын Қазақстанның әр түкпіріндегі өңірлік кәсіпкерлер палаталары белсенді қолдауда.
6 қыркүйекте Шығыс Қазақстан ӨКП-нан көмек жолданды. Сондай-ақ, Түркістан облысынан 3 жүк көлігі, мектеп формасының жаңа жиынтықтары бар 2 жүк көлігі, Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасынан азық-түлік келді.
Бүгін, 7 қыркүйек күні, гуманитарлық көмек тиелген фуралар Түркістан ӨКП, Шымкент, Нұр-сұлтан палаталарынан, Солтүстік Қазақстан облысының ӨКП-нан шықты.