«ҚазТрансОйл» АҚ 6 900 тонна қазақстандық мұнайды Баку порты бағытына қарай экспортқа сәтті жөнелтті, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.
Ақтау портында Қашаған кен орнынан шыққан 6 900 мың тонна мұнайды Баку порты бағытына қарай бірінші сынақ ретінде жөнелту жұмысы сәтті аяқталды. Мұнай жөнелтуші INPEX North Caspian Sea, Ltd.
INPEX North Caspian Sea, Ltd Қазақстандағы өкілдігінің директоры Хироши Икеданың айтуынша, сынақ жөнелтілімі Қашаған мұнайының Транскаспий бағыты бойынша теміржол көлігімен экспорттық бағыттарын әртараптандыру мүмкіндігін көрсетті. Хироши Икеда «ҚазТрансОйл» АҚ және аталмыш сынаққа қатысқан басқа да ұйымдардың ұжымына қауіпсіздік талаптарына сәйкес дер кезінде атқарылған жұмыстары үшін алғысын білдірді.
Сондай-ақ INPEX North Caspian Sea, Ltd өкілі Қазақстан Республикасының үкіметімен және «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-мен бірлесіп резервтік экспорттық бағыттарды дамыту бойынша ынтымақтастықты жалғастыратынын айтты.