«ҚазТрансОйл» АҚ Ақтау портында қазақстандық Теңіз кен орнынан Баку–Тбилиси–Джейхан мұнай құбырына шикізатты одан әрі жеткізу үшін President Heydar Aliev танкеріне 9.959 тонна мұнай жөнелтті.

Наурыз айының соңына дейін бұл бағыт бойынша тағы 10 мың тонна теңіз мұнайын жөнелту жоспарлануда. 2023 жылдың сәуір айына Баку – Тбилиси - Джейхан бағытында мұнай жөнелтудің жоспарланған массасы 125 мың тоннаны құрайды.

Еске сала кетейік, ақпан айының басында Түркиядағы жер сілкіністерінен кейін «ҚазТрансОйл» АҚ Джейхан теңіз терминалында жүк тиеу жұмыстарының уақытша тоқтатылуына байланысты форс-мажорлық жағдайлар туралы хабарлама алған болатын. Осыған байланысты Баку – Тбилиси - Джейхан мұнай құбыры арқылы одан әрі тасымалдай отырып, Ақтау портынан Бакуға мұнай экспорты тоқтатылды.

Сонымен қатар «ҚазТрансОйл» АҚ 25 мың тонна ресейлік мұнайды Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Өзбекстан Республикасына «Омбы–Павлодар–Шымкент – мұнай тиеу тірегі Шағыр» (темір жол цистерналарына тиеу) бағыты бойынша транзиттік тасымалдауды бастады. Мұнайды тасымалдау Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі бекіткен мұнай беру кестесіне сәйкес жүзеге асырылады.

2023 жылы «ҚазТрансОйл» АҚ магистральдық мұнай құбырлары жүйесі арқылы Өзбекстан Республикасына ресейлік мұнай транзитінің күтілетін көлемі 250 мың тоннаны құрайды.