«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы акционерлерінің жылдық жалпы жиналысында 2022 жылға дивиденд төлеуге шамамен 300 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылданды. Бұл туралы Қазақстан қор биржасы хабарлайды.
«Акционерлер «ҚазМұнайГаздың» бір жай акциясына шаққандағы дивиденд мөлшерін 2022 жылға пайдадан төленетін 491,71 теңге мөлшерінде бекітті. Осылайша дивиденд көлемі шамамен 300 млрд теңгені құрайды», - делінген құжатта.
2022 жылға дивидендтер төлеу 2023 жылдың 20 маусымында басталады.
Құжатта «қоғамның дауыс беретін акцияларының жалпы саны 591 819 316 жай акцияны құрады. Бұл акционерлердің жылдық жалпы жиналысында дауыс берген компанияның дауыс беретін акцияларының жалпы санының 97% құрайды».
Акционерлердің жалпы жиналысын өткізу кезінде орналастырылған акциялардың жалпы саны 610 млн 119 мың 492 дана болды.
KASE мәліметтері бойынша, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша «ҚазМұнайГаз» ҰК акцияларының 87,42%-ы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына, 9,58%-ы Ұлттық банкке тиесілі болды.
Айта кетейік, 2022 жылдың қараша-желтоқсан айларында «ҚазМұнайГаз» ҰК KASE және AIX-те IPO өткізген болатын. Өтініштер институционалдық және бөлшек инвесторлардан қабылданды.
IPO кезінде ұлттық компанияның жай акциясының бағасы 8 406 теңге болды. Шығарылған және орналастырылған акциялардың жалпы санының 5%-ға дейінгі бөлігі сатылымға шығарылды.
IPO кезінде «Самұрық-Қазына» қоры үш жыл ішінде ҚМГ дивидендінің ең төменгі деңгейі: 200-ден 250 млрд теңгеге дейін белгіленетінін хабарлады.
IPO нәтижесінде инвесторлардан жалпы сомасы 181 млрд теңгеден астам сомаға 129 мыңнан астам өтінім түсті. Келіп түскен өтініштерді талдау нәтижелері бойынша 153 млрд теңгеден астам сомаға өтініштерді қанағаттандыру туралы шешім қабылданды.
IPO-да «Самұрық-Қазына» мемлекеттік қоры ҚМГ-нің 18 млн 303 мың 584 жай акциясын сатты, бұл компанияның орналастырылған жай акцияларының жалпы санынан 3% құрайды.
Инвесторлардың қанағаттандырылған өтінімдері келесідей бөлінді: Қазақстан азаматтарының өтініштері – шамамен 74,6 млрд теңге (48,5%); қазақстандық заңды тұлғалардың өтініштері – шамамен 72,7 млрд теңге (47,2%) сомасында; шетелдік жеке және заңды тұлғалардың өтініштері – шамамен 6,6 млрд теңге (4,3%) сомасында.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін компания акция басына 492 теңгеден дивиденд төлейтінін хабарлаған.