«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Rosneft Deutschland Басқарма төрағасы Йоханнес Бреммермен кездесті.
Тараптар ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылап, 2023 жылдың қорытындысы бойынша «Дружба» мұнай құбыры арқылы Германия бағытына қарай 993 мың тонна қазақстандық мұнай («Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» ресурсынан) тасымалданғанын атап өтті. Бұл келісімшарт жарты жылға (2024 жылғы қаңтар-маусым) ұзартылды, осы мерзім ішінде мұнай айына 100 мың тонна көлемінде тасымалданады.
Й.Бреммер көрсеткен қолдауы үшін қазақстандық тарапқа жоғары баға беріп, ризашылығын білдірді.
Өз кезегінде М.Мырзағалиев Rosneft Deutschland басшылығына табысты ынтымақтастығы үшін алғыс айтты.
«Біз Rosneft Deutschland компаниясымен қалыптасқан қарым-қатынасты жоғары бағалаймыз. «ҚазМұнайГаз» атынан Қазақстан тарапының Германияға мұнай тасымалдау ісін жалғастыруға және көлемін арттыруға мүдделі екенін жеткізгім келеді. Бірлескен жұмысымыз екі ел экономикасының игілігі үшін өзара тиімді әрі ұзақ мерзімді болатынына сенімдімін», — деді М.Мырзағалиев.