«Қазақтелеком» 2023 жылдың 1 жартыжылдығының қорытындысы бойынша қаржылық есептілікті жариялады.
Құжатқа сәйкес, «Қазақтелеком» компаниялар тобы 6 ай ішінде барлық негізгі қаржы-экономикалық көрсеткіштер бойынша өсім көрсеткен.
Атап айтқанда, шоғырландырылған есептілік деректері бойынша компаниялар тобының кірісі 2023 жылдың 1 жартыжылдығының қорытындысы бойынша 10% ұлғайып, 330 млрд теңгеден асты (2022 жылдың 1 жартыжылдығының қорытындысы бойынша 301 млрд теңге).
Таза пайда 16% артып, 58,5 млрд теңгені құрады (2022 жылдың ұқсас кезеңінде 50,5 млрд теңге).
EBITDA көрсеткіші (пайыз, салық, тозу және амортизацияны шегергенге дейінгі компанияның пайдасы) 153 млрд теңгені құрап, былтырғы жылдың салыстырмалы кезеңіне қарағанда 10% өсті, ал оның табыстылығы 46% деңгейінде сақталды, бұл салыстырмалы телеком-операторларға қарағанда тарихи мәндерден асып түсті.
Биылғы алғашқы жарты жылдық қорытындысы бойынша кірістің өсуі өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда тіркелген байланыс сегментіндегі және ұялы байланыс сегментіндегі кірістің өсуі арқасында қол жеткізілді.
«Биыл бірінші жартыжылдықта біздің компаниялар тобы жүзеге асырған инвестицияның елеулі мөлшерін атап өту қажет. Күрделі шығындардың жалпы сомасы 255 млрд теңгеден асты, оның 156 млрд теңгесі бесінші буын (5G) ұялы байланысқа арналған радиожиілік үшін мемлекеттік бюджетке төленді. Борыштық жүктеме көрсеткіштері борыш/ EBITDA және борыш/ Меншікті капитал былтырғы ұқсас кезеңдегі деңгейге қарағанда 21% және 24%-ға төмендеді», - деп атап өтті «Қазақтелеком» АҚ Бас қаржы директоры Людмила Атамұратова.
Компания басымдықтарының қатарында республикада бесінші буын байланыс стандартын одан әрі өрістету, деректер беретін ескірген мыс технологиясынан оптикалық технологияға клиенттерді көшіру, және ұсынылатын қызмет пен сервис сапасын арттыру жобалары әлі де қалады.
«Біздің еншілес компанияларымыз 2027 жылға дейін бүкіл елде 7 мыңнан астам 5G базалық станциясын орнатуы тиіс, қазірдің өзінде оның жүзден астамы жұмыс істеп тұр, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті бірнеше есе арттыру көзделген. Бүгінде 5G желісіне елорда, Алматы, Шымкент, Түркістан, Семей, Қостанай, Қарағанды тұрғындары қол жеткізе алады. Жалпы, «Қазақтелеком» консорциумға қатысушы қос ұйымның бас компаниясы ретінде 5G ашу жобасын үнемі бақылауда ұстайды», - дейді «Қазақтелеком» АҚ Басқарма Төрағасы Қуанышбек Есекеев.