Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін дамыту біздің еліміздің Париж климаттық келісімінің мақсаттарына қол жеткізу және дәстүрлі энергетиканың қоршаған ортаға және халыққа теріс әсерін азайту жөніндегі саясатының бір бөлігі болып табылады. Қазақстан әлем бойынша энергетикасы ең «көмірленген» елдерің бірі, елдегі энергияның 68-70%-ы көмірге тиесілі. Көмір энергиясы парниктік газдар шығарындылары мен ластаушы заттардың негізгі көзі болып табылады, сондықтан көмір өндіруді бірте-бірте неғұрлым экологиялық таза энергияға ауыстыру, әрине, қажет, бірақ саланы дамыту стратегиясын ұстанумен үйлесімді дамуы керек, деп хабарлайды energyprom.kz.

Көмір энергиясын атом электр станцияларымен немесе жаңартылатын энергия көздерімен (ЖЭК) алмастыруға болады. Құрылысы ең жылдам жаңартылатын энергия объектілері жел және күн электр станциялары (дәстүрлі емес генерация), олардың құрылысына күрделі инвестиция құны соңғы жылдары айтарлықтай төмендеді. Қазақстанда арнайы аукциондарда жаңартылатын энергия көздері нысандарының жобаларын таңдаудың тиімді тетігі арқасында жел және күн электр энергиясының құнының төмендеуі байқалады.

Алайда жаңартылатын энергия көздері бойынша жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізуді* ғана емес, сонымен бірге электрмен қамтудың сенімділігі мен энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін де ескеретін электр энергетикасын дамытудың ұзақ мерзімді стратегиясының болмауы бұл секторындағы маңызды проблемаларға әкеп соқты.

Бес жылда жел және күн станцияларының қуаттылығының өсімі 1500 МВт-тан астам, яғни Қазақстандағы электр станцияларының жалпы өзіндік қуатының 6%-дан астамын құрады. Алайда электр станцияларының басқа түрлері іс жүзінде дамымаған, бұл энергетикалық жүйедегі теңгерімсіздікке себеп болды.

«Жасыл» экономикаға көшу жөніндегі Тұжырымдамада белгіленген күн және жел энергетикасын дамытудың нысаналы көрсеткішіне, яғни 2020 жылға қарай электр энергиясын өндірудің жалпы көлемінің 3%-на қол жеткізілді. 

Күн және жел электр станцияларынан электр энергиясын өндіру тұрақсыз және ауа-райының жағдайларына, мысалы, бұлттылық пен жел жылдамдығының өзгеруіне өте тәуелді. Сондықтан осы тұрақсыз көздердің энергетикалық жүйесінде жұмыс істеу үшін, тұрақты қуат ауытқуларын өтеу үшін икемді электр станциялары (газ немесе гидро) қажет.

Қазақстанда сарапшылар 2014 жылға дейін де маневрлік қуаттың жоқтығын айтқан. Содан бері 1693 МВт (көпшілігі соңғы 5 жылда) тұрақсыз жел және күн электр станциялары енгізілді, бұл маневрлік қуаттың тапшылығын одан әрі ушықтырды.

2022 жылдың шілдесінде 2026 жылға қарай екі маневрлік электр станциясының құрылысына аукциондар өтті. Энергетикалық жүйені дамытуға стратегиялық бағыттың жоқтығы 2022 жылға дейін бұл маневрлік қуаттарды алдын ала жоспарлауға және іске қосуға мүмкіндік бермеді. 

2017 жылдан бастап маневрлі көздер санатына жататын 407 МВт газбен жұмыс істейтін электр станциялары іске қосылған. Алайда олар Батыс энергетикалық аймағында іске қосылды. Олардың іс жүзінде Қазақстанның энергетикалық аймақтарын біріктірумен байланысы жоқ. Тұрақсыз жел және күн электр станцияларының (1467 МВт) қуаттарының негізгі өсімі Солтүстік және Оңтүстікке тиесілі.

Қазақстандағы маневрлік қуаттардың тапшылығын ресейлік энергетикалық жүйе өтейді, бірақ белгіленген нормативтік нормалардан елеулі ауытқулар болады. KAZENERGY 2021 ұлттық энергетикалық баяндамасында: «Қазақстанның біртұтас энергетикалық жүйесінің келісілген диспетчерлік кестеден нақты ауытқулары 1300 МВт-қа жетеді, бұл тұтынушылардың жаппай шектеулеріне әкеп соғатын жүйелі апаттардың көбеюіне себеп болатын энергожүйеден ажырау қаупін тудырады. Ресей тарапы энергетикалық жүйелердің параллель жұмыс істеуі кезінде Қазақстан тарапынан жүйелі бұзылу деректері бойынша талаптарды алға тартады» делінген.

Қазақстанның энергетикалық саласын стратегиялық жоспарлаудың болмауы салдарынан маневрлі көздердің қолжетімділігі мен тұрақсыз жел және күн электр станцияларының қарқынды өсуі арасындағы айтарлықтай теңгерімсіздікке әкелді. Қазақстанның энергетикалық жүйесі үшін жүйелі апаттардың қаупі артып, Ресейдің энергетикалық жүйесін тәуелділік арта түсті. 

Айта кетейік, кешенді, стратегиялық бағыт керек екенін президент те айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз энергетикалық қуаттардың қазіргі тапшылығын ұмытпауымыз керек. Энергетикалық теңгерім жоспарлары бойынша биыл біз 1 ГВт-тан астам қуатты іске қосуымыз керек еді. Дегенмен, бірқатар жобалар тоқтап қалды. Биылғы жылы жоспарланған қуаттың 31 пайызы ғана (347 МВт) іске қосылады. Энергия тапшылығы кезінде бұндайға жол бермеу керек» деген еді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы еліміздің біртұтас энергетикалық жүйесінің Оңтүстік және Батыс аймақтарының электр желісін нығайту жұмыстары жеткіліксіз қарқынмен жүріп жатқанын, ал Батыс аймағындағы жұмыстардың небәрі 10 пайызға орындалғанын айтты.

Тоқаев Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігіне тікелей байланысты жобаларды уақтылы жүзеге асыру үшін барлық шараларды қабылдау қажеттігін атап өтті.