Қазақстанның мемлекеттік борышы жылдан жылға өсе түсуде. Бұл әсіресе коронавирус кезінде байқалды. Былтыр, яғни 2022 жылы Қазақстанның мемлекеттік борышы 15.2%-ға өсіп, 25.3 трлн теңгені құрады (немесе 54.7 млрд АҚШ доллары). Бұл жалпы ішкі өнімнің 24.9%-ны тең. Jusan Analytics зерттеу орталығы Қазақстанның мемлекеттік борышына қатысты өзінің зерттеу жұмысында осы деректерді жариялады.  

«Қазақстанның мемлекеттік борышының басым бөлігі –  66%-ы орта есеппен соңғы 5 жыл ішінде ішкі қарыздан құралған. Бұл әрине, икемге келетін, басқаруға көнетін, қауіп-қатері төмен қарыздар. 2022 жылы оның үлесі 69%-ға жетіп, 17.5 трлн теңгені құрады. Ал сыртқы борыштың көлемі 7.8 трлн теңгеге жетті. Қарыз ақшаның жартысынан көбісі еурооблигациялдар шығару арқылы алынған. Бұл жерде халықаралық ұйымдар да Қазақстанның экономикасын белсенді түрде қаржыландырып келеді», - дейді Jusan Analytics зерттеу орталығының талдаушысы Клара Сейдахметова. Оның айтуынша мемлекеттік борыш өскен сайын, оны өтеуге кететін шығындар да (пайызын төлеу) арта түседі. Айталық, 2022 жылы ол 1.3 трлн теңгені құрады. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 32.7%-ға жоғары. 


«Бүгінде мемлекеттік борышты өтеуге кететін шығындар республикалық бюджеттің ең ірі 5 шығыс баптарының біріне айналған. Яғни бұл шығындар қазір бюджет шығындарының шамамен 7%-ын құрайды. Соңғы 5 жылда борыштарды өтеуге кетіп жатқан шығындардың үлесі жалпы мемлекеттік борыш сомасының 5.2%-ын құрады. Бұған қарап, қарыз ақшалар айтарлықтай арзанға алынған деп айтуға болады», – дейді К. Сейдахметова.  

Айта кетелік, Қазақстанның мемлекеттік борышын өтеу бойынша төлемдердің құрылымы ҚР Қаржы министрлігінің деректеріне сәйкес 2022 жылы былайша сұрыпталған: алынған қарыздың 78%-ының пайыздық мөлшерлемесі нақты, тиянақты бекітілсе, 17%-ында – құбылмалы пайыздық мөлшерлемелер және тек 5%-ы инфляцияға индекстелген, яғни инфляцияның өзгеруіне қарай ол да өзгеріп отырады.