Қазақстанда 2024 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 82 мыңнан астам жеңіл автокөлік шығарылды. Шағын торапты құрастыру техникасының өндірісін ұлғайтуға баса назар аударылуда. Бұл туралы Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев баяндады. 

Секторда бірлескен кәсіпорындар құрылады, ел аумағында жаңа зауыттар салуға өз қаражатын салуға дайын инвесторлар келуде.

Мәселен, CHANGAN, HAVAL, CHERY автомобильдерін шығаратын зауыттың құрылысы аяқталуға жақын, оның өндірісі толығымен шағын торапты құрастыруға негізделген. Қуаты – 90 мың бірлік. KIA автомобиль өндіретін зауыттың құрылысы жүргізілуде. Инвестиция сомасы $200 млн. $150 млн сомасына Geely, Exceed, KAIYI жеңіл автомобильдерін өндіру бойынша жоба іске қосылды.

«Секторды одан әрі дамыту локализацияны тереңдету және компоненттік база өндірісін игеру есебінен жоспарлануда. Биыл Алматы қаласында мультимедиялық жүйелер мен автокреслолардың сериялық өндірісі іске қосылады деп күтілуде», — деді министр.

Қанат Шарлапаевтың айтуынша, бүгінде өңдеу өнеркәсібі көлемі жағынан өндіруші өнеркәсіпті қуып жетіп, өсімін жалғастыруда. Бұл ретте жетекші орындардың бірін машина жасау саласы алады – 20%. Оған 4 мыңға жуық компания жұмылдырылған, 120 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.

«Машина жасауды дамытудың негізгі артықшылықтарының бірі – оның күшті мультипликативті әсері. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, салада бір жұмыс орнын құру аралас салаларда шамамен жеті-сегіз жұмыс орнының пайда болуын ынталандырады. 2024 жылдың 9 айында салаға шамамен 124 млрд теңге инвестиция тартылды, өсім 2 есе. Өндіріс көлемі 3 трлн теңгеден асты. Нақты көлем индексі – 104,2%», — деді Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.

 Сондай-ақ машина жасау құрылымында ең үлкен үлесті автомобиль жасау, теміржол және электротехникалық машинасын жасау алады.