Ең төменгі жалақының көбейгенінен бизнестің шығыны 430 млрд теңгеге артады

Ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) 110 мың теңгеге дейін көтеру нәтижесінде еңбекке ақы төлеу қоры шамамен 430 млрд теңгеге ұлғаяды. Алайда бизнес бұл шығындардың бір бөлігін корпоративтік табыс салығы (КТС) бойынша шегерімдер есебінен өтей алады. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді.

Журналистер вице-министрден ЕТЖ өскеннен кейін кәсіпкерлерді жалақыны көтеруге қалай ынталандыратынын және еңбек шығындарының артуы тауарлар мен қызметтердің қымбаттауына әкелмейтінін сұрады.

Азамат Әмриннің айтуынша, қазіргі уақытта қызметкерлеріне ең төменгі жалақы немесе соған жақын мөлшерде еңбекақы төлейтін компаниялар жалақыны кемінде 110 мың теңгеге дейін көтеруге міндетті. Өйткені ЕТЖ – жұмыс берушілер орындауға тиіс міндетті талап.

«Мемлекет басшысы Жолдауда табысы өсетін азаматтардың саны 1,8 млн адам екенін айтты. Біздің есебіміз бойынша, еңбекке ақы төлеу қоры шамамен 426 млрд теңгеге ұлғаяды. Яғни компаниялардың жалақы төлеуге жұмсайтын шығыны осы сомаға артады. Бірақ заңды тұлғалардың еңбекке ақы төлеу қоры көбейген кезде салықтық шегерімдері де ұлғаятынын ескеру керек. Соның нәтижесінде олар корпоративтік табыс салығын аз төлейді. Бұл шамамен 60–68 млрд теңгені құрайды. Сондықтан бұл тетік жұмыс істейді. Бизнесті көндірудің қажеті жоқ, өйткені бұл – міндетті талап», – деді вице-министр.

Сонымен қатар ЕТЖ-ның өсуі әлеуметтік төлемдердің мөлшеріне де әсер етеді. Мәселен, бала бір жарым жасқа толғанға дейін күтім жасауға берілетін жәрдемақыны есептеу кезінде ескерілетін шекті табыс 7 ЕТЖ-ға тең. Қазір бұл төлемнің ең жоғары мөлшері айына 214 мың теңгені құрайды.

Ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге көтерілгеннен кейін жәрдемақының шекті мөлшері 308–310 мың теңгеге дейін ұлғаяды.

«Бұл, керісінше, осындай әлеуметтік қызметтерді пайдаланатын жалдамалы жұмысшыларға оң әсер етеді. Жалпы алғанда, табыстың өсуіне ықпал етуі тиіс», – деді Азамат Әмрин.

Вице-министрдің сөзінше, еңбекке ақы төлеу қорының 430 млрд теңгеге өсуі Қазақстандағы тауарлар мен қызметтердің өзіндік құнына айтарлықтай әсер етпеуі және бағаның елеулі қымбаттауына әкелмеуі керек.