«7-20-25» ипотекалық бағдарламасын қаржыландыру көлемі 2027 жылы 100 млрд теңгеге дейін жетеді. Бұл туралы Қазақстанның орнықтылық қоры (ҚОҚ) хабарлады.
Қор мәліметінше, қаржыландырудың тоқсандық лимиті 25 млрд теңгеден аспайды. Тиісті лимиттерді Ұлттық банк басқармасы бекіткен.
Бөлінген қаражат 2027 жылы бағдарлама аясында екінші деңгейлі банктер беретін ипотекалық несиелер бойынша талап ету құқықтарын сатып алуға жұмсалады.
Яғни банктер азаматтарға ипотекалық несие беріп, кейін Қазақстанның орнықтылық қоры бағдарлама талаптарына сәйкес келетін несиелерді белгіленген лимит шегінде сатып алады. Ал банктерге алдын ала қаржыландыру қарастырылмаған.
Бағдарлама іске қосылған 2018 жылдан бері 87 мыңнан астам ипотекалық несие берілген. Олардың жалпы сомасы 1,26 трлн теңгеден асады.
«7-20-25» бағдарламасының негізгі шарттары:
жылдық номиналды мөлшерлеме – 7%;
бастапқы жарна – кемінде 20%;
несие мерзімі – 25 жылға дейін;
бағдарламаға бір рет қатысуға болады;
тек бастапқы нарықтағы, құрылыс компанияларынан сатып алынатын тұрғын үй қаржыландырылады.
Бағдарламаға Halyk Bank, Банк ЦентрКредит, Freedom Bank, Bank RBK, Altyn Bank, Еуразиялық банк және ForteBank қатысады.
Айта кетейік, бұған дейін бағдарлама бойынша сатып алуға болатын тұрғын үйдің ең жоғары құны ұлғайтылған болатын. Атап айтқанда:
Астана, Алматы, олардың қала маңы аймақтары, Ақтау, Атырау және Шымкентте – 30 млн теңгеге дейін (бұрын 25 млн теңге);
Қарағандыда – 25 млн теңгеге дейін (бұрын 20 млн теңге);
басқа өңірлерде – 20 млн теңгеге дейін (бұрын 15 млн теңге).