Қалдықтар мен қоқыс бұрын да болған, болашақта да болады. Қалдықтарды кәдеге жарату проблемасы әлемдік деңгейде де, ұлттық деңгейде де өзекті болып қала береді, деп хабарлайды energyprom.kz.

Қазақстанда қалдықтарды өңдеу және кәдеге жарату деңгейі әлі де айтарлықтай төмен. Мәселен, 2021 жылы ҚР-дағы қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) көлемі 4,2 ​​млн тоннаны құрады, бұл бір жыл бұрынғыдан 7,4% аз, ал ҚТҚ өңдеу мен кәдеге жарату үлесі 23,4% ғана. Сонымен қатар, өңдеу үлесі жылдан жылға өсіп келеді: 2020 жылы бұл көрсеткіш 19,1%, 2019 жылы – 14,9%, 2018 жылы – 11,5%, 2015 жылы – небәрі 1,8% болған. 

Ал коммуналдық қалдықтарға келетін болсақ, олардың көлемі, бір жылда 13,6% өсіп, 4 млн тоннаға жетті. Бұл ретте, коммуналдық қалдықтарды өңдеу және кәдеге жарату үлесі 2020 жылғы 20,5%-дан 2021 жылы 13,6%-ға дейін төмендеді. Алайда 2020 жылға дейін ол 13%-дан да аз еді.

ҚР жаңа Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова қалдық мәселесі Қазақстандағы ең маңызды үш экологиялық мәселенің бірі екенін атап өтті.

Сонымен қатар, ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өндірістік қалдықтардың түзілуі 2021 жылы бір жылда 59,3% азайып – 759,9 млн тоннадан 309,6 млн тоннаға дейін кеміді. Өндірістік қалдықтарды өңдеу және қайта пайдалану үлесі 2021 жылы 7,6%-ды құрады. Шығарылатын қалдықтар көлемінің де, оларды өңдеу үлесінің де айтарлықтай төмендеуінің себебі белгісіз. Бұл ретте, 2015-2020 жылдар аралығында өңделген қалдықтардың үлесі жыл сайын артып, 2020 жылға қарай 35,1%-ды құрағанын атап өткен жөн, бұл қатты тұрмыстық қалдықтар мен коммуналдық қалдықтарды өңдеу көрсеткішінен айтарлықтай көп.

Өндіріс қалдықтарын өңдеуге мемлекет тарапынан да, бизнес тарапынан да әрқашан ерекше көңіл бөлініп келеді. Елдің ірі кәсіпорындары қалдықтарды өңдеу жүйесін нығайтуға мүдделі.