IBC Real Estate консалтингтік компаниясының мәліметі бойынша, Қазақстанда қоймаларды дамытуда серпіліс байқалады: салынып жатқан нысандардың ауданы жыл басымен салыстырғанда бірнеше есе ұлғайып, қазіргі уақытта 470 мың шаршы метрді құрайды. Нарықта жаңа ойыншылар пайда болуда, ал бар құрылыс компаниялары өз позицияларын нығайтуда. Қазіргі уақытта Қазақстанда жоғары сапалы қоймалық жылжымайтын мүліктің жалпы көлемі 1,3 млн шаршы метрді құрайды. 

«Республикадағы қазіргі жағдай қойма сегментінің дамуына ықпал етіп, жаңа қойма нысандарына сұранысты арттыруда. Қарқынды өсу Қазақстан экономикасының дамуымен, сыртқы сауда айналымының ұлғаюымен, транзиттік жүк ағынының кеңеюімен, сондай-ақ елде халықаралық, атап айтқанда ресейлік компаниялардың қатысуының күшеюімен байланысты. Қазақстандағы онлайн-сатудың белсенді өсуі де нарық драйверлерінің бірі: 2022 жылы республикадағы онлайн-сауда айналымы шамамен 3 млрд долларды құрады және бұл бөлшек сауда айналымы құрылымында 8,5%», - деп атап өтті зерттеушілер.

Осыған байланысты жаңа қойма нысандарын салуға қаржы құйып жатқан компаниялар көбейіп келеді. Құрылыс сатысында Алматыдағы Wildberries (100 мың шаршы метр) және «Озон» (42 мың шаршы метр) жаңа феллмент орталықтары, Ақтөбедегі, Түркістан және Алматы облыстарындағы «Қазпошта» қойма кешендері және басқа да нысандар сияқты ірі жобалар бар.

«Алайда сұраныстың қарқынды өсуіне орынның тапшылығы кедергі келтіріп отыр: Қазақстандағы бос орындар алты айдан астам уақыт бойы 1%-дан аз деңгейде қалды. Өсіп келе жатқан сұраныс пен ұсыныстың шамалы ұлғаюы жағдайында жалдау ақысы 2023 жылдың басындағы деңгеймен салыстырғанда 16% артып, шаршы метрі үшін 5500 теңгені құрады.Жас нарық үшін бірден-бір нақты шешім дерлік бұл Built-to-Suit форматындағы жобалар», - дейді сарапшылар.

«Сонымен бірге қоймалық жылжымайтын мүлік нарығын дамытуда айтарлықтай кедергілер сақталуда. Негізгі кедергі қазан айында базалық мөлшерлеменің 16%-ға дейін төмендеуіне және оны одан әрі төмендету болжамдарына қарамастан «қымбат ақша». Тағы бір кедергі – «сұр» сауданың жоғары үлесінің сақталуы, дегенмен тұтынушылық тәжірибенің дамуы байқалады: онлайн-сауда әдеттері қалыптасуда, тұтыну бірте-бірте институционалдануда, жоғары сапалы сауда орталықтарына көшу және сапаға сұраныс артып келеді. Мұның бәрі болашақта жаңа жоғары сапалы қойма алаңдарына сұранысты ынталандырады», - деп түсіндірді Қазақстандағы IBC Real Estate бас директоры Евгений Бумагин.