Еуразиялық экономикалық комиссияның сарапшылары одақ аясындағы білім миграциясындағы әр мүше мемлекеттің үлесін есептеді. ЕЭК көрсеткіштеріне сүйенсек, ең көп талапкерлер Қазақстаннан шығады екен. Студенттердің жалпы «экспортындағы» Қазақстан үлесі 65%-ды құрады, деп хабарлайды ranking.kz.
ЕАЭО-ның басқа елдеріне оқуғаа кеткен қазақстандық түлектердің басым бөлігі Ресейді таңдаған. Биылғы оқу жылында РФ жоғары оқу орындарында қазақстандық 61,04 мың талапкер білім алып жатыр.
Одақтың басқа елдеріне тоқталар болсақ, студент «экспортында» Беларусь (12,1%) пен Қырғызстанның (10,8%) үлесі айтарлықтай.
Ал ЕАЭО-дан талапкерлер ең көп келетін елдер ішінде көшбасшы Ресей. Еуразиялық одақ елдерінен келген білім мигранттардың жалпы үлесінің 88,5%-ы осы елдің жоғарғы оқу орындарында оқиды.
Жыл сайын Ресейдің жоғары оқу орындарында 61 мыңнан астам қазақстандық білім алады. Айтпақшы, соңғы төрт жылда Ресейдің жоғары оқу орындарын таңдайтын қазақстандық студенттер саны азайып келеді. Егер 2018-2019 жылдары Ресейдің жоғары оқу орындары мен колледждерінде 65,7 мың қазақстандық түлек болса, биылғы оқу жылында – 61,04 мың адам (7% азайған).
Көп пе, аз ба? Отандық жоғары оқу орындарында оқитын қазақстандықтардың жалпы санымен салыстырсақ, Ресейге оқуға кеткендердің үлесі 10,3%-ды құрайды екен.
Жалпы, Қазақстандағы білім миграциясының сальдосы теріс күйінде қалып отыр. ЕЭК мәліметінше, еліміздің жоғары оқу орындары мен колледждерінде 32,4 мың шетелдік студент оқиды. Бұл Ресейде оқитын қазақстандық студенттердің санынан екі есе дерлік аз.
Қазақстанға келетін талапкерлер негізінен ЕАЭО-дан тыс елдер. ЕЭК мәліметінше, биыл Қазақстанда Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен бар болғаны 3,5 мың адам, ал әлемнің басқа елдерінен 28,9 мың студент білім алып жатыр.
Қазақстандағы студенттердің ішінде ең көбі Өзбекстаннан. Бұл елден Қазақстанға 15,6 мың талапкер келген.
Екінші орында Үндістан, ол елден біздің елдің университеттері мен колледждері 6000 студентті қабылдады.
Үздік үштікті 2,5 мың студенті келген Ресей жабады.