Меншік құқығын қорғау деңгейі рейтингінде (International Property Rights Index, IPRI) Қазақстан бір жылда төрт орын төмендеп, 2022 жылы 129 елдің арасында 75-орынға ие болды (бір жыл бұрын Қазақстан 71 орында еді). Еліміздің ұпайы 4,629 болды. Ұпай жоғары болған сайын елде меншік құқығы жақсы қорғалады. Ең жоғары ұпай – 10, ал ең төменгісі – 0. Биылғы IPRI орташа жаһандық балы – 5,19, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,3% төмен, деп хабарлайды finprom.kz.
ТМД елдері арасында Қазақстанды Әзірбайжан (60-орын) және Армения (63-орын) басып озды, одан кейін Ресей (85-орын), Молдова (95-орын) және Украина* (105-орын) орналасты.
Рейтингтің басында Финляндия, Сингапур және Швейцария тұрса, Венесуэла ең соңында тұр.
Биылғы қаңтар-қазан айларында елімізде меншікке қарсы 107 мың қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді, бұл бір жыл бұрынғыдан 5% артық.
Өңірлер бойынша құқық бұзушылықтың басым бөлігі Алматы қаласында тіркелді: ҚР-ның 24,9%-ы немесе 26,6 мың оқиға – бір жыл бұрынғыдан бірден 36,4% көп. Одан кейін Астана (12,9 мың құқық бұзушылық, бір жылда 16,8% көбейген) және Алматы облысы (8,4 мың құқық бұзушылық, 14,8% азайған).
Саладағы барлық құқық бұзушылықтардың ең азы жаңадан құрылған үш облыста – Ұлытауда (417 жағдай), Жетісуда (1,2 мың оқиға) және Абайда (1,5 мың оқиға) тіркелді.
Меншікке қарсы қылмыстардың жартысына жуығы – 48,5%-ы ұрлық: 51,9 мың іс, бір жыл бұрынғыдан 6,7% көп.
Алаяқтық (37,3 мың іс, бір жыл бұрынғыдан 7,1% көп) және ұсақ ұрлық (10,2 мың іс, 3,4% көп) саладағы «танымал» құқық бұзушылықтар қатарында. Одан кейін тонау (2,1 мың жағдай, 3% аз) және мал ұрлығы (1,5 мың оқиға, 19,8% аз) келеді.