Мемлекет басшысының Digital Bridge форумындағы баяндамасы басталды

Жасанды интеллект бұдан былай ғылыми фантастика емес, өмірдің ақиқатына айналды.

Жаңа дәуірдің басталғанына куә болып отырмыз. Кезінде электр жарығы мен интернетті ойлап табу тіршілігімізді қалай түбегейлі өзгертсе, жасанды интеллекті технологиясының ықпалы да дәл сондай орасан зор.

Кейбір сарапшылардың бағалауынша, жасанды интеллектінің жаһандық экономикаға қосатын елеулі үлесі – дүниежүзілік ЖІӨ-нің төрттен бір бөлігіне парапар

Аталған технологияның кең қолданысқа ие болуы Қазақстанның қарқынды дамуында маңызды рөл атқара алады. Сондықтан қысқа мерзім ішінде жасанды интеллектіні дамыту үшін барлық жағдайды жасау қажет. 

БІРІНШІ. Жасанды интеллектіні қолдану аясын және оны дамытудың міндеттері мен құралдарын айқындайтын стратегиялық құжат қабылдау керек.

Ең алдымен, жасанды интеллект технологиясын экономикамыздың мұнай-газ секторы, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика секілді маңызды салаларына енгізуге мән беруіміз қажет деп санаймын.

Жасанды интеллект қалаларымызды өмір сүруге және жұмыс істеуге қолайлы әрі толыққанды ақылды қалаға (smart city) айналдыру процесін айтарлықтай дәрежеде оңтайландыра алады. 

Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланудың да маңызы зор. Бұл орайда біз елеулі нәтижеге қол жеткіздік.

Атап айтқанда, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін анықтауға және оларға проактивті мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін «Отбасының цифрлық картасы» іске қосылды.

Мұндай өнімді «Бәйтерек» холдингі базасында бизнес үшін де енгізу керек. Менің тапсырмам бойынша бұл бағытта ауқымды цифрлық трансформациялау жұмыстары басталып кетті. 

ЕКІНШІ. Жасанды интеллектіні нормативтік тұрғыда реттеу қажет.

Бүгінде 120-дан астам ел бұл мәселені шешу үшін әртүрлі заңнамалық акті қабылдады. Біз озық әлемдік тәжірибеге сай келетін, нарықтың қажеттілігі мен азаматтардың мүддесін ескеретін, құқықтық тұрғыдан реттейтін заманауи база әзірлеу ісін жеделдетуіміз керек.

Құқықтық шарттар халықаралық компаниялардың біздің нарыққа келуін ынталандыруы қажет. Ол үшін мүдделер тепе-теңдігін сақтап, ашық және әділ «ойын ережелерін» қалыптастырған жөн.

Жалпы, жасанды интеллект құралдарын адамдардың күнделікті өміріне кіріктіру оңай міндет емес. Бұл ретте олардың құқықтары мен бостандықтары бұзылмауы тиіс.

ҮШІНШІ. Цифрлық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамыту маңызды.

Озық IT-инфрақұрылым цифрлық индустриядағы келешек прогреске, атап айтқанда жасанды интеллектінің дамуына негіз қалайды. Сондықтан инфрақұрылымды дамытқан кезде IT-өнім әзірлеушілердің қажеттілігі әрдайым алдын ала ескерілуге тиіс. 

Ең алдымен, біз есептеуіш орталықтардың қуатын арттыруымыз қажет. Үкіметке екі жыл ішінде жасанды интеллектіге маманданған дата-орталықтардың құрылысын жүргізуді тапсырамын.

Бұл іске Amazon, Google, Mastercard және Citigroup сияқты әлемге танымал компанияларды тартуға болады. Жақында Нью-Йорк қаласына жасаған сапарымда аталған компаниялардың басшыларымен кездестім. Тиісті уағдаластықтарға қол жеткіздік. Сонымен қатар жасанды интеллектіге арналған деректер экожүйесін дамыту маңызды. Шын мәнінде, жасанды интеллектінің «қорегі», қозғаушы күші – үлкен деректер қоры. Қазақстанда осы салада түрлі шешімдер жүзеге асырылды. 

Алайда мемлекеттік органдарда жинақталған ұшы-қиырсыз деректер қорына қолжетімділік шектеулі болуына байланысты оның әлеуеті әлі толық пайдаланылмай отыр.

Бұл жерде ақпараттың «ашықтық презумпциясын» басшылыққа алу керек. Smart Data Ukimet арқылы анонимді деректерге еркін қол жеткізуді қамтамасыз ету қажет. Мен бұл жерде барлық ақпараттың анонимді болғаны әрі сенімді қорғалғаны жөн екенін айтып отырмын.

Жеке деректердің таралып кетуіне қатысты барлық қауіпті жою керек. Сонымен қатар келесі жылы Ұлттық жасанды интеллект платформасын іске қосқан дұрыс. Бұл бастама мемлекет пен ірі бизнес деректерін біріктіріп, олардың өзектілігі мен қолжетімдігін қамтамасыз етуге тиіс. 

Бұл шаралардың бәрі жасанды интеллект элементтерін пайдаланатын стартаптарымыздың Қазақстанда және әлемде сұранысқа ие, мүлде жаңа IT шешімдер жасауына мүмкіндік береді.

Ұлттық статистика бюросын нағыз цифрлық ведомствоға айналдыратын маңызды реформаны жүзеге асыру керек. Статистикалық және басқа да деректерді ретке келтіру үшін кешенді шаралар қабылдау қажет. Оның ішінде басқару саясатын әзірлеу, деректердің мақсатты архитектурасын анықтау мәселесін назардан тыс қалдырмаған жөн.

Бұл мемлекеттің тиімді шешімдер қабылдауының негізгі шарты болады. 5G желісін кең көлемде енгізу инновацияның дамуына тың серпін береді. Бұл процесс Қазақстанда қазірдің өзінде жүріп жатыр. 

2027 жылға дейін барлық облыс орталықтарын ұялы байланыстың жаңа буынымен қамту міндеті бұған дейін жүктелген болатын. Алайда технологияның қарыштап даму жағдайында біз де қарқынды арттыруымыз керек.

Үкімет бұл жұмысты мерзімінен бұрын, яғни 2025 жылдың соңына дейін аяқтауы қажет. Әрине, мерзімнің өзгеруі көрсетілетін қызметтердің сапасына әсер етпеуге тиіс.

Бұдан бөлек, бұл мақсатқа жету үшін төменгі орбитадағы спутниктік жүйелердің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, шалғай аудан тұрғындарын интернетпен қамтамасыз ету маңызды.

Үкімет бұл мәселені жан-жақты пысықтауы керек. Қажет болған жағдайда заңнамаға өзгерістер енгізуге болады. 

ТӨРТІНШІ. Білім беру жүйесін еңбек нарығының келешектегі сұранысына бейімдеуіміз қажет.

Автоматтандыру мен жасанды интеллектінің одан әрі дамуы жаһандағы еңбек нарығын түбегейлі өзгертетіні қазірдің өзінде белгілі.

Goldman Sachs келешекте жүздеген мамандық пен үш миллионға жуық жұмыс орны жойылуы ықтимал деп болжам жасап отыр.

Алайда әрбір технологиялық революция кезінде адамзат баласы осыған ұқсас дүрбелеңдерді бастан кешкені тарихтан мәлім. Біздің міндетіміз – жаңа жағдайға алдын ала дайындалу. 

Жасанды интеллектіні қолданысқа енгізу адамдарға арналған жұмыс орындарының жаппай жойылуына алып келмейді.

Керісінше, адам еңбегі трансформацияға ұшырап, мүлдем жаңа кәсіби дағдыларға сұраныс пайда болады. Сондықтан қызметкерлерді жаңа дағдыларға мектептен бастап баулу қажет. Осыған орай, ең алдымен, цифрлық сауаттылық пен информатиканы оқыту сапасын арттырған жөн. Ол үшін білікті ұстаз тапшылығын шешу қажет.

«Astana Hub» халықаралық технопаркінде білім беру платформасы табысты жұмыс істеп жатыр. Сол арқылы жоғары оқу орнының студенттері бағдарлама жасауды үйренеді.

Үкімет барлық мәселені пысықтап, мектеп оқушылары үшін осындай онлайн платформаны пилоттық режимде іске қосады деп ойлаймын. 

Университеттерде пәндерді оқытудың мазмұны мен әдісін айтарлықтай жаңарту қажет. Болашақ мұғалімдер, дәрігерлер, агрономдар, заңгерлер және салалық мамандар жасанды интеллект бойынша базалық білімді міндетті түрде меңгеруі керек.

Мен жуырдағы Жолдауымда кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект бағытына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек деген міндет жүктедім.

Назарбаев Университеті жанындағы Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтын толыққанды ғылыми-зерттеу институтына айналдыру тағы бір маңызды қадам болмақ.

Ол үздік мамандар мен сарапшылардың орталығына айналып, біртұтас экожүйе қалыптастыруы керек. Институт құрамына IT индустриясының әлемдік және отандық көшбасшыларымен тығыз байланыста жұмыс істейтін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар орталығы кіреді.

Осы ретте Институт әзірлемелерін коммерцияландыру және кеңейту маңызды. 

БЕСІНШІ. Инновацияның және технологиялық прогрестің ең маңызды қозғаушы күші ретінде венчурлық капитал нарығын дамытуымыз керек.

Қазақстан стартаптарға инвестиция салуды ынталандыру үшін институттық және заңнамалық базаны дәйекті түрде жетілдіріп келеді.

Былтыр венчурлық келісімдердің орташа мөлшері екі есе артты. Бұл – қуантарлық жайт.

Осы орайда аталған саланы реттейтін нормативтік-құқықтық актілер базасын АҚШ, Сингапур және Гонконг елдерінде қолданылатын үздік тәжірибемен сәйкестендіру қажет. Сонымен қатар венчурлық капитал нарығына халықаралық ойыншыларды тартудың маңызы зор. 

Қазір жасанды интеллект өте қарқынды дамып жатыр. Соның арқасында инклюзивті және тұрақты дамуға арналған тың мүмкіндіктер пайда болуда.

Бұл салада жаһандық бәсеке өте жоғары. Қазақстан осы үрдістен тыс қалмауы керек. Бұл – заман талабы. 

Сондықтан біз қазір озық технологияны дамытуға айрықша назар аударып отырмыз.

Қазіргі міндет – еліміздегі ІТ-мамандардың, сарапшылардың, ғалымдардың басын қосып, олардың күш-жігерін тиімді пайдалану. Сондай-ақ халықаралық серіктестердің зор мүмкіндіктерін еліміздің кәдесіне жарату. 

Тағы бір маңызды мәселеге назар аударған жөн. Бүгінде адамның ақыл-ойынан машина, яғни технология үстем болатын заман орнығуда.

Басқаша айтқанда, жасанды интеллект технологиясы адамзатқа қауіп-қатер төндіруі мүмкін. Мұның арты неге әкеп соқтыратыны белгісіз. Ғалымдар арасында бұған қатысты ортақ пайым жоқ.

Яғни, жасанды интеллект адамзатқа игілік әкеле ме әлде құрдымға кетіре ме деген сұрақ әлі де өзекті болып тұр. Сондықтан осы мәселеге саналы түрде қарап, жасанды интеллектінің дамуын жіті назарда ұстау – аса маңызды міндет.

Мысалы, кезінде атом энергетикасымен қатар атом қаруы пайда болды. Сол кезде жаһандық қауіпсіздікті сақтау үшін жаңа қағидаттар қалыптасты. Бұл – технологиялық даму заманында ұжымдық қауіпсіздік мәселесі бақылауда болуы керек деген сөз.