Соңғы жылдары Орталық Азия мен Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі елдерімен сауда-саттығы қарқынды дами бастады. Бірақ көрсеткіштер әлеуетті толық пайдаланылмай отырғанын көрсетеді. Тауар айналымын айтарлықтай арттыру үшін барлық мүмкіндік бар. Ол үшін өзара сауда номенклатурасын ұлғайту қажет. Мысалы, Қазақстан қысқа мерзімде құны шамамен 400 млн доллар болатын 100 түрлі тауар экспорттауға дайын, деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі» бірінші саммитінде.

Президенттің айтуынша, тәуелсіздік жылдарында шығанқ елдері Қазақстан экономикасына 3,6 млрд долларға жуық инвестиция құйған.

«Жақында Қазақстан мен Сауд Арабиясы құрған Іскерлік кеңес екі елдің сауда-инвестициялық әлеуетін жүзеге асырудың маңызды алаңына айналмақ. Біз Ынтымақтастық Кеңесіне мүше барлық мемлекеттермен ұқсас ынтымақтастық тетіктерін іске қосуға дайынбыз. Серіктестерімізді Астана халықаралық қаржы орталығының озық құралдарын белсенді пайдалануға шақырамыз.

Қазіргі таңда мемлекеттеріміз көлік бағыттарын әртараптандыру үшін белсенді шаралар қабылдап жатыр. Түрлі инфрақұрылымдық және логистикалық жобалар қолға алынуда. Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік маршруты одан әрі дамытуға баса мән береді. Біз бұл бағыт арқылы жүк тасымалын дәйекті түрде ұлғайтуға мүдделіміз. 2030 жылға қарай жыл сайын 500 мың контейнерге дейін жүк жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, еліміз «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін дамыту бойынша шаралар қабылдауда.

Орталық Азия мемлекеттерінің аумағында 30 млрд тоннадан астам дәлелденген мұнай қоры мен 20 трлн текше метрден астам газ бар. Бұл аймақты мұнай мен газ ресурстары жөнінен дүние жүзінде Араб түбегінен кейінгі екінші орында етеді. Қазақстан ОПЕК+ келісімінің мүшесі ретінде Ұйым елдерімен ынтымақтастықты жоғары бағалайды және жан-жақты ынтымақтастықты тереңдетуге дайын. Біздің еліміз энергия тасымалдау бағыттарын әртараптандыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Бұл ретте Қазақстан жаңа өндіруші қуаттарды жаңғырту мен дамытуға, барлау және өндіру саласындағы озық тәжірибе мен технологияларды тартуға, сондай-ақ заманауи мұнай-химия өнеркәсібін дамытуға ерекше көңіл бөлуде.

Қазақстан Араб елдеріне ауыл шаруашылығы тауарларын экспорттау көлемін ұлғайтуға мүдделі. Сондай-ақ, оның құрылымын әртараптандыруға ниетті. Еліміз – әлемде бидай мен ұн өндіретін ең ірі он мемлекеттің бірі. Араб әріптестеріміздің «органик» және «халал» өнімдерін өндіру, өңдеу және сертификаттау тәжірибесі мен мүмкіндігі мол. Сондықтан оларға сұраныс жоғары. Осы орайда стандарттарды, техникалық реттеу және сертификаттау жүйесін үйлестіру маңызды. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет деп санаймыз. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының әлеуетін пайдаланып, бұл міндеттерді тиімді іске асыра аламыз», – деді Тоқаев.