2023 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша қор нарығын капиталдандыру мамыр айында 0,7 трлн теңгеге немесе 2,1% азайып, 35,5 трлн теңгені құрады (2023 жылдың басынан бастап – 0,4% төмендеді).

Акциялар нарығын капиталдандыру негізінен индекстік компаниялар акцияларының бағаларын түзету есебінен 1,9% немесе  0,4 трлн теңгеге 22,4 трлн теңгеге дейін азайды (2023 жылдың басынан бастап – 5,6% өсті).

2023 жылғы мамырда KASE индексі 3 492,4 тармаққа дейін 1,9% төмендеді (2023 жылдың басынан бастап – 7,4% өсті). 2023 жылғы  1 маусымдағы жағдай бойынша «Қазақстан қор биржасы» АҚ сауда тізімдерінде 87 эмитенттің 101 акциясы болды. Ағымдағы жылғы мамырда акциялармен сауда-саттық көлемі бір айда 22,3% немесе 9,4 млрд теңгеге азайып, 32,7 млрд теңгені құрады.

Корпоративтік облигациялар нарығы 2023 жылғы  мамырда 2,3% немесе 308,1 млрд теңгеге 13,1 трлн теңгеге дейін азайды (2023 жылдың басынан бастап – 9,3% төмендеді).

Ағымдағы жылғы мамыр айында корпоративтік облигациялардың бастапқы нарығының көлемі 90,9 млрд теңгені құрады, бұл 2023 жылғы сәуірмен салыстырғанда 30,0% немесе 39,0 млрд теңгеге төмен.

2023 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша KASE сауда-саттық тізімдерінде 89 эмитенттің корпоративтік облигацияларының  360 шығарылымы болды.

2023 жылғы мамырда KASE-де корпоративтік облигациялармен сауда-саттық көлемі 34,6%-ға немесе 76,2 млрд теңгеге 144,3 млрд теңгеге дейін төмендеді.

«KASE Global» секторында 44 түрлі акция және 14 шетелдік эмитенттің ETF акциялары болды. «KASE Global» секторындағы сауда-саттық көлемі 2023 жылғы мамырда өткен аймен салыстырғанда 0,7%-ға ұлғайып, 1,2 млрд теңгені құрады.

KASE-де саудаланатын мемлекеттік борыш 2023 жылғы мамырда 1,1%-ға немесе 0,3 трлн теңгеге 23,5 трлн теңгеге дейін өсті.

2023 жылғы мамырдың қорытындысы бойынша KASE-де мемлекеттік бағалы қағаздармен сауда-саттықтың жиынтық көлемі 1 117,5 млрд теңгені құрап, бір айда 29,9% немесе 257,2 млрд теңгеге ұлғайды. Сондай-ақ, мемлекеттік бағалы қағаздардың бастапқы нарығындағы сауда-саттық көлемі 6,9% немесе 46,7 млрд теңгеге 725,9 млрд теңгеге дейін ұлғайды.

2023 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша ұжымдық инвестициялар нарығында 47 инвестициялық пай қоры жұмыс істеді, оның ішінде 24 аралық, 22 жабық және 1 ашық пай қоры.

Ұжымдық инвестициялар нарығында басқарудағы активтер негізінен  ҚР эмитенттерінің мемлекеттік емес бағалы қағаздар портфелінің төмендеуі есебінен ағымдағы жылғы мамырда 4,3 млрд теңгеге немесе 1,5% азайып, 2023 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 280,5 млрд  теңгені құрады.

2023 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 245,5 млрд теңгені немесе инвестициялық пай қорларының жиынтық активтерінің 87,5%-ын бағалы қағаздар портфелі құрады, оның 95,7%-ы шетел валютасында көрсетілген бағалы қағаздардан тұрады.

Бағалы қағаздар нарығының институционалдық құрылымында 2023 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 39 брокер мен дилер (16 банк және 23 банктік емес ұйым), 10 кастодиан банк, 20 инвестициялық портфельді басқарушы, 3 трансфер-агент, сондай-ақ 2 инфрақұрылымдық ұйым: KASE және бірыңғай тіркеуші және сауда репозиторийі функцияларын орындайтын Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі жұмыс істейді. Бұдан басқа, КASE негізінде орталық контрагент жұмыс істейді.

Ағымдағы жылғы мамырда инвесторлар санының өсуі жалғасты.  Депоненттер клиенттерінің қосалқы шоттарының саны 684 249 қосалқы шотқа дейін 1 471-ге немесе 0,2% өсті (2023 жылдың басынан бері 24,4% немесе 134,0 мың қосалқы шотқа өсті).

Бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың активтері ағымдағы жылғы мамырда 3,4% ұлғайып (2023 жылдың басынан бері 19,5% өсті), 2023 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 691,9 млрд теңгені құрады. 2023 жылғы мамырда міндеттемелер 5,8% 249,4 млрд теңгеге дейін өсті (2023 жылдың басынан бері 43,8% өсті). Меншікті капитал 2,2% 442,5 млрд теңгеге дейін өсті (2023 жылдың басынан бері 9,1% өсті).