Төртінші өңіраралық Қазақстан-Өзбекстан бизнес-форумы аясында екіжақты инвестициялық және сауда-экономикалық байланысты нығайтуға арналған жалпы құны шамамен 2,5 млрд долларға жететін 40 құжатқа қол қойылды.
Екі елдің компаниялары Chevrolet маркалы автокөліктердің жинақтары және бөлшектерімен қамтамасыз ету, керамикалық плиткалар мен инфузиялық ерітінділерді өндіру бойынша бірлескен жобаларды іске асырып, сондай-ақ жұмсақ иірімжіп, гипс, полипропилен қаптары және тағы да басқа өндірістік жобаларды жүзеге асырмақ ниетте.
Аталған бизнес форум барысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев Қазақстандағы бизнесті дамытудың мүмкіндіктері жайлы баяндап берді.
«Кейінгі жылдары металдардың әлемдік нарықтағы бағасы айтарлықтай өсті. Бұл ретте металлургия өнеркәсібінің қазіргі ахуалына талдау жасай келе саланы дамытудың шешімдерін анықтадық. Жүргізілген талдаудың қорытындысына сәйкес қазақстандық өңдеу өнеркәсіп орындарын Лондон металдар биржасындағы бағадан төмен, бірақ бәсекеге қабілетті шамадағы шикізатпен қамтамасыз ету мәселесін қарастырдық», деді М.Қарабаев.
ҚР АШМ басшысы Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, 2025 жылға дейін құны 193,1 млн доллар болатын 12 инвестициялық жобаны іске асыру және 1,2 млрд долларға 2,1 млн тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін оның ішінде картоп, көкөніс, ет және ет өнімдерін жеткізуді ұйымдастыру жоспарланып отыр.
«Егер екі ел арасындағы АӨК өнімі бойынша сауда айналымының статистикасына қарасақ, Қазақстан мен Өзбекстаннан жеткізілімдер тұрақты түрде жүзеге асырылып жатқанын көреміз. Біз азық-түлік қажеттіліктерін өзара толықтырып отырамыз. Маңызды мәселелердің бірі тарифтерді, оның ішінде транзиттік тарифтерді төмендету, сауда және транзит рәсімдерін оңайлату, бір - біріне қатысты ашық сауда саясатын қолдану арқылы тауар айналымын ұлғайту үшін қолайлы жағдайлар жасау болып табылады», - деді Ербол Қарашөкеев екі ел Президенттерінің кездесуі кезінде.
Айта кетейік, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ауыл шаруашылығы тауарлары бойынша тауар айналымы оң көрсеткіштерді көрсетіп отыр, мәселен биылғы жылдың 10 айында 31% - ға өсіп, 1,4 млрд доллардан асты. Қазақстаннан экспорттың көлемі 1,165 млрд доллардан асты. Отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер Өзбекстанға негізінен бидай, күнбағыс майы, ұн және ІҚМ еті, сондай-ақ макарон өнімдері мен картоп сатады. Өзбек тарапы Қазақстанға 233,7 млн долларға жеміс пен көкөністерді сатты.
Форумнан кейін қазақстандық делегаттар тоқыма кластеріне, өнеркәсіптік өнімдер мен тұрмыстық техника өндіретін, сондай-ақ көкөністерді өңдейтін фермерлік кәсіпорындарға барып, қызметтерімен танысты.
2022 жылдың 10 айында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара сауда қатынасы 4,1 млрд АҚШ долларын құрап, 35% өсті.