Астанаға Ауғанстанның өнеркәсіп және сауда министрі Нуриддин Азизи бастаған 210 адамнан тұратын бизнес-делегация келді.
Арасынла Ауғанстанның Орталық банкінің басшылары, ірі жеке меншік банктердің, «Да Афганистан Брешна Шеркат» (DABS) энергетикалық компаниясының, «Афган телеком» (AfTel) телекомуникациялық компаниясының, ауыл шаруашылығы өнімдері мен мал шаруашылығы палатасының, сауда-инвестициялық палатасының, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, фармацевтика, өнеркәсіп, көлік-логистика, инженерлік, тоқыма және басқа компаниялардың өкілдері бар.
2 тамызда Қазақстан және Ауғанстан компанияларының презентациялары, B2B келіссөздері өтеді. 3 тамызда бизнес-форум жұмысын бастайды, ал 4 тамызда елорда тұрғындары мен қонақтарына ауған тауарларының көрмесі (EXPO, Конгресс-орталық) ашылады. Көрмеде Ауғанстаннан түрлі азық-түлік, мыс ыдыстар, мәрмәр, кілемдер, зергерлік бұйымдар және басқа да көптеген тауарлар ұсынылады.
Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 2022 жылы $987,9 млн болды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,1 есе жоғары ($474,3 млн). Осы орайда көрсеткіштің шамамен 90%-ы қазақстандық экспортқа, негізінен өңделген өнімге тиесілі. 2023 жылдың 5 айында екі ел арасындағы сауда-саттық $316,6 млн болды, оның $310 млн-ы қазақстандық экспортқа тиесілі.
Қазақстанның Ауғанстанға азық-түлік, мұнай-химия, химия, металлургия, жеңіл, машина жасау салаларында жалпы $500 млн-нан астам сомаға экспорт жасау әлеуеті бар.