Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстан экономикасы құрылымындағы машина жасау саласының үлесі – 1,5%, ал өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі – 13%. Қазіргі уақытта салада 3,8 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді, жұмыспен қамтылғандар саны 118 мыңнан асады. Бұл туралы ол бүгін үкімет отырысында айтты.
Жалпы машина жасау саласы – өңдеуші өнеркәсіптегі ең қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі: егер соңғы 5 жылда өңдеуші өнеркәсіптің орташа өсу қарқыны 4,5% болса, машина жасау саласы 17,6% өсім көрсетті.
2028 жылға дейін 1,7 трлн теңгеге 24 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 151 жобаны іске асыру жоспарланған. Олардың ішінде теміржол, ауыл шаруашылығы, электр техникасы, мұнай-газ, тау-кен металлургия машинасын жасау, сондай-ақ автомобиль жасау салаларындағы кәсіпорындар бар. Атап айтқанда, 2023 жылы 217 млрд теңгеге 3,5 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 29 жоба іске қосылады деп күтілуде.
Премьер-Министр өткен 5 жылда Қазақстан экономикасындағы машина жасау саласының үлесі 1,5 есе, ал өндіріс көлемі 3 есе өсіп, 3 трлн теңгеден асқанын атап өтті. Өткен жылдың өзінде салаға $470 млн-нан астам шетелдік инвестиция тартылды.
«Отандық өнімді экспорттау үшін бізде айтарлықтай мүмкіндіктер бар. Мысалы, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің машина жасау өнімдері импортының жалпы көлемі 2021 жылы $141 млрд-ты құрады. Яғни, еліміздің аталған нарықтағы үлесін әлі де арттыруға болады», — деді Әлихан Смайылов.
Смайыловтың сөзінше, Қазақстанның осы саладағы отандық өндіріс үлесі 13%, ал импорт бір жылда 20 млрд доллар.
Үкімет басшысының айтуынша, жабдықтардың тозу деңгейінің жоғары болуы өзекті мәселе болып отыр. Орташа алғанда, машина жасау саласындағы бұл көрсеткіш – шамамен 40%. Негізгі кәсіпорындардың жай-күйі айтарлықтай жаңғыртуды және реконструкциялауды талап етеді.
Сонымен қатар Үкімет басшысы ауыл шаруашылығы машиналарын жасау мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі уақытта еліміздің ауыл шаруашылығы техникасы паркінің тозуы шамамен 76%-ды құрайды. Өткен жылы отандық кәсіпорындар 15 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасын өндірді. Алайда бұл – жеткіліксіз.
Ол машина жасау саласын одан әрі дамыту үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тиісті бес жылдық Кешенді жоспар әзірленіп жатқанын еске салды. Оны іске асыру машина жасау саласындағы өндірісті 2 еседен аса, экспорт көлемін 3 есе, негізгі капиталға тартылған инвестицияларды 1,5 есе арттыруға, сондай-ақ еңбек өнімділігін екі есе арттыруға мүмкіндік береді.